«Әзірет Сұлтан» мешітіндегі айт намазына 15 мыңнан астам жамағат жиналды

АСТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат - «Әзірет Сұлтан» мешітінде Құрбан айт намазы оқылды.

Айт намазына келген халық қадір түні мен ораза айт намазына жиналған жамағаттан да көп болды. Мешіттің ішінде ине шаншар орын қалмады. Ішіне сыймаған жұрт сыртта тұрып намаз оқыды.Намазға шамамен15 мыңнан астам жамағат жиналды, деп хабарлайды Muslim.kz.

Айт намазына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің өзі қатысты. Хазірет намаз басталғанша мінберге шығып, жұртқа Құрбан айттың мән­і мен хикметіне, Ибраһим бабамыздан келе жатқан сүннеттің тарихына тоқталып, уағыз айтты. Шейх намаздың соңынан кейін дұға қылып, бата берді. Ол Алладан елімізге тыныштық, жұртымызға амандық тілеп, мемлекетімізді бүліктен сақтауды сұрады. Ол сондай-ақ, жамағатты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, мейрам күндері жасаған ғибадаттарымыздың қабыл болуын дұға етті.