АСТАНА. KAZINFORM - Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында бүгін, 12 сәуірде ел құрамасынан екі балуан финалға шықты.
Ел құрамасынан Асыл Айтақын (61 келі) жартылай финалда үндістандық Акаш Дахияны 11:0 есебімен жеңді.
Енді финалда ол қырғызстандық Тайырбек Жұмашбекұлымен кездеседі.
Ал ұлттық құрама көшбасшысы Азамат Дəулетбеков (86 келі) жартылай финалда қытайлық Пейлонг Лиді 11:0 есебімен таза жеңді. Алдағы қарсыласы - Париж олимпиадасы жолдамасының иегері, өзбекстандық Джабраиль Шапиеві.
Айта кетелік, 11 сәуірде еркін күрестен Қазақстан құрамасы 1 күміс, 1 қола иеленді.
Ел құрамасынан Ризабек Айтмұхан (97 келі) күміс, Мейрамбек Қартбай (57 келі) қола медаль еншіледі.
Енді 13-14 сәуір күндері әйелдер, 15-16 сәуірде грек-рим шеберлері боз кілемге шығады.
Құрлықтық додада еркін күрес, грек-рим және әйелдер күресінен барлығы 30 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.