АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында жалауын көтерген Азия чемпионатында 11 сәуірде еркін күрестен күміс алған Ризабек Айтмұқан (97 келі) жүлдесі жөнінде пікірін білдірді.
Қазақстандық балуан финалда бахрейндік Ахмед Тажудиновпен күш сынасты.
Ол қарсыласына 2:4 есебімен жеңіліп, күміс медальді қанағат тұтты.
Ризабек Айтмұқан былтыр әлем чемпионатында 92 келі салмақта жеңіс тұғырынан көрінсе, Азия чемпионатында күміске қол жеткізді.
«Бұл салмақта көптеген мықты балуандар бар. Негізінде қай-қайсысымен де күресуге болады. Ол әркімнің өзіне байланысты. Құрлықтық додада екінші мәрте күміс алғаныма аздап өкінішім бар. Бұл жолы алтын болады деген үмітпен келгенмін. Жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді. Бүгінгі қарсыласым — әлем чемпионы атанған мықты балуан. Аталған салмақта бәсекелестік күшейіп келеді. Бұл біздің шеберлімізді шыңдай түсуге оң әсерін тигізеді. Алдағы мақсатым — Олимпиада жолдамасына ие болу. Сондай- ақ, жастар арасында да түрлі жарыстар бар. Әрбіріне тыңғылықты дайындаламыз», — деді ол.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.