АСТАНА. KAZINFORM - Иордания астанасы Амман қаласында әйелдер күресінен Азия чемпионатында Жәмила Бақбергенова финалға жолдама алды.
Қазақстандық балуан 72 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда 2021 жылғы әлем чемпионы, Жапония өкілі Масако Фуруичимен белдесті.
2021 жылы Норвегия астанасы Ослода өткен шешуші бәсекеде Жәмила дәл осы балуанға есе жіберген еді.
Бақбергенова бұл жолы аса тартысты жекпе-жекте қарымта қайырды. Белдесу 2:2 есебімен аяқталып, жеңіс соңғы ұпай алған Жәмилаға берілді. Жапониялықтар челлендж бергенімен, ол ештеңе шешпеді. Жәмилаға тағы бір ұпай қосылды - 3:2.
Отандасымыз қазірге дейін құрлықтық додада алты мәрте жүлдеге ілікті. 2020, 2022, 2023 жылдарда жеңіс тұғырына көтерілсе, 2021 жылы күміс, 2019 жылы қола жүлдегер атанды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия чемпионатында әйелдер күресінен бүгін қазақстандық бес балуан сынға түсетінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).