АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында бүгін, 12 сәуірде ел құрамасынан бес балуан боз кілемге шығады.
Екінші жарыс күнінде қазақстандық Асыл Айтақын (61 келі) иорданиялық Абурумаймен кездессе, Талғат Сырбаз (74 келі) бен жапониялық Такахаши шеберлік байқасады.
Ал 86 келі салмақта Азамат Дәулетбеков Вази Хенг (Камбоджа) пен Вафаейпур (Иран) жұбының жеңімпазымен кездеседі.
Одан кейін Әділет Давлумбаев (92 келі) боз кілемге шықса, Абылай Совет (125 келі) бахрейндік Шариповпен жарысқа түседі.
Айта кетсек, жарыстың алғашқы күні, 11 сәуірде Ризабек Айтмұқан (97 келі) күміс, Мейрамбек Қартбай (57 келі) қола алды.
Ал Азамат Өміржанов (79 келі) қола жүлде үшін талас Асомиддин Хасановқа есе жіберді.
Ал 13-14 сәуір күндері әйелдер, 15-16 сәуірде грек-рим шеберлері боз кілемге шығады.
Құрлықтық додада еркін күрес, грек-рим және әйелдер күресінен барлығы 30 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.