НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында бесінші орынды қанағат тұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Илья Ильин 96 келі салмақта сынға түсті. Ол қоссайыстың қорытындысымен 345 келіні бағындырды. Нәтижесінде Илья бұл көрсеткішімен бесінші орыннан әріге аса алған жоқ.
Азия чемпионатында бұдан бұрын жігіттер арасында үш қазақстандық спортшы сайысқа түсті. Олардың арасынан Арли Чонтей (55 келі) мен Денис Уланов (81 келі) қола жүлдеге қол созды. Ал Фархад Харки (67 келі) алғашқы ондықты қорытындылады. 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Нижат Рахимов алған жарақатына байланысты жарысқа шықпады.
Әзірге қыздар арасында жүлдеге ешкім іліккен жоқ. Зульфия Чиншанло (55 келі) төртінші орынды қанағат тұтса, Карина Горичева (64 келі) бесінші орын алды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.