Азия чемпионаты: Қазақстандық 6 боксшы келесі кезеңге өтті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бокстан Азия чемпионатында біздің еліміздің боксшылары жанкүйер сенімін ақтап отыр. Бүгін шаршы алаң төріндегі алғашқы жекпе-жегін өткізген 6 қазақстандық былғары қолғап шебері жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бұрын Қазақстан құрамасының 4 боксшысы қарсыластарын жеңгенін хабарлаған едік. Олардың қатарында Қайрат Ерәлиев (56 келі), Санатәли Төлжанов (64 келі), Тұрсынбай Құлахмет (75 келі) және Василий Левит (91 келі) бар. Енді жарысты жалғастыратын қазақстандық былғары қолғап шеберлері қатарына Әнуар Мұзаппаров пен Қамшыбек Қоңқабаев қосылды.

Әнуар Мұзаппаров 52 келіде ел намысын қорғайды. Оған бүгін Енкхмандах Хардурджу қарсылас атанған еді. Боксшымыз қарсыласына сыр бермей, оны қапы қалдырды. Осылайша жарыстың 1/8 финалдық сатысына жолдама алды.

Ал Қамшыбек Қоңқабаев 91 келіден жоғары салмақта Непал елінен келген Ашис Давадимен қолғап түйістірді. 2017 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде алған саңлағымыз бұл дүбірлі додада өзін жақсы қырынан танытты. Осылайша 1/8 жарыстың финалдық сатысынан сүрінбей өтіп, ширек финалға жолдама алды. Айта кетейік, Азия чемпионатында Қамшыбек ұлттық құраманың капитаны ретінде бастап барды.

Біздің ұлттық құрама сапынан енді Теміртас Жүсіпов (49 келі), Закир Сафиуллин (60 келі), Асланбек Шымбергенов (69 келі), Бек Нурмаганбет (81 келі) шаршы алаңға шығады.

Айта кетерлігі, аталмыш чемпионатта еліміздің жігіттер құрамасы барлық салмақта ойын көрсетеді.

Азия чемпионатында қыздар құрамасы жарысты сәтсіз бастады. Олардың арасынан Сәния Сұлтанқызы (57 келі) жарыстың 1/16 финалдық сатысында Мижгона Самадовадан (Тәжікстан) жеңіліп қалды.

Соңғы жаңалықтар