НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бокстан Біріккен Араб әмірлігінің Дубай қаласында өткен Азия біріншілігінде Қазақстан ерлер құрамасы бес күміс медаль алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған жарыста қазақстандық Даниял Сәбит (49 келі) өзбекстандық Нодиржон Мирзахмедовке жол берсе, одан кейін Абылайхан Жүсіпов (69 келі) сол елден келген Бобо-Усмон Батуровқа есе жіберді.
Ал Әбілхан Аманқұл (75 келі) да сол елдің өкілі Саиджамшит Жафаровке есе жіберсе, төрешілео Василий Левитті (91 келі) үндістандық Санжиттен жеңілді деп ұйғарым жасады.
Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) Баходир Жалоловтен жеңіліп қалды.
Осылайша еліміздің ерлер құрамасы бес күміс алды.
Еске салсақ, 30 мамырда Қазақстан қыздар құрамасы Азия біріншілігінде 8 алтын, 1 күміс, 1 қола алып, жалпы командалық есепте бірінші орын алды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.