АСТАНА. ҚазАқпарат - Таиландтың Накхонратчасима қаласында өтіп жатқан волейболдан әйелдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы Үндістаннан басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық волейболшылар плей-офф сатысында Үндістаннан 3:0 (25:17, 25:17, 25:21) есебімен тізе бүктірді.
Бұдан бұрын олар жарыстың аталған сатысында Жапонияға 0:3 (13:25, 20:25, 18:25) есебімен есе жіберген еді.
Енді ел құрамасы 5-8 орындар үшін сынға түседі. Алдымен 5 қыркүйекте Австралиямен кездеседі. Жеңсе 6 қыркүйекте одан кейін 5, жеңілген жағдайда 7 орын үшін таласады.
Ал топтық кезеңде қазақстандық волейболшылар D тобында сынға түсті. Алдымен Филиппинді тай-брейкте 3:2 (25:21, 17:25, 24:26, 27:25, 15:6), одан кейін Гонконгты 3:0 (25:16, 25:23, 25:17) есебімен сүріндірсе, Қытайдан 0:3 (12:25, 21:25, 10:25 ) есебімен жеңілді.
Айта кетсек, қазақстандық волейболшылар Азия чемпионатына 12 мәрте қатысып отыр. Әзірге ең үздік жетістігі – 2005 жылы алған күміс медаль.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.