Жалпы командалық есепте Қазақстан спортшылары екінші орынға ие болды. Сары құрлық бәсекесіне екі-ақ спортшысы қатысып, екеуі де алтын медалды жеңіп алған Қазақ елі ауыр атлетикада мықты екендігін тағы бір дәлелдеді. Айта кету керек, 28 сәуір күні 85 келіге дейінгі салмақта сынға түскендер арасында Денис Уланов, ал кеше 94 келіге дейінгі салмақтағы зілтеміршілер сайысында Владимир Седов Азия құрлығында теңдессіз екендіктерін айқын көрсетті.
Жалпыкомандалық есепті Қытай елінің спортшылары бастап тұр. Үшінші орында Тайланд, одан кейінгі орындар - Тайпей, Иран, Корея Демократиялық Республикасы, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Жапония, Ветьнам спортшыларының еншісінде.
Жарыстың соңғы күнінде 105 келіден жоғары салмақтағы атлеттер арасындағы бәсеке өте тартысты өтуімен есте қалды. Жұлқи көтеруде өзбекстандық Руслан Нуридинов 191 келілік зілтемірді көтеріп, кіші алтынға қол жеткізумен шектелді. Ол серпе көтеруде 235 келіні бағындырғанмен, қоссайыс бәсекесінде қарсыластарынан қалып қойды. Ал серпе көтеруде ирандық Баходор Мулаий 247 келіні көтеріп, екінші жаттығу бойынша алтын жүлдеге ие болды. Қос сайыс қорытындысы бойынша 432 (191-241) келі салмақты көтере білген тайпейлік Чин-Чиен Чен Азия чемпионы атанды. Сондай-ақ түркіменстандық жас дарын иесі Хожамұхамед Тойшиев 427 (190-237) келі көрсеткішпен екінші орынға ие болды. Бірінші жаттығуында біраз сәтсіздіктерге жол беріп алған ирандық Баходор Мулаий 427 (180-247) келі көрсеткішпен үшінші орынға табан тіреді.
Көрші елде өткен осы бір қызықты бәсекені қазақстандық жанкүйерлер бір апта бойы «Қазспорт» телеарнасы арқылы тікелей эфирде тамашалады.
Енді маусым айының басында ауыр атлетикадан Қазақстан біріншілігі Талдықорған қаласында өтеді. Сол сында Олимпиада ойындарына баратын еліміздің ең мықты спортшылары анықталатын болады.