АСТАНА. ҚазАқпарат - Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан әйелдер күресінен 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында екі қазақстандық жүлдегерлер қатарынан көрінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
12 шілдеден бастап күрес түрлерінен 15 және 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты өтіп жатыр.
Жарыстың жетінші күнінде әйелдер күресінен 20 жасқа дейінгі жастар 5 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Олардың арасынан Шәмшиябану Тастанбек (72 келі) мен Алтын Шағаева (52 келі) жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Жарыс барысында Шәмшиябану Тастанбек финалда үнді қызы Харшита Харшитаға есе жіберіп, күміс медаль алды. Ал Алтын Шағаева қолаға қол жеткізді.
Құрлық додада әйелдер күресінен ел құрамасы 1 күміс, 4 қола жүлдемен қорытындылады.
Еске салсақ, бұдан бұрын ел құрамасынан Лаура Ғаниқызы (50 келі) Зейнеп Баянова (55 келі), Жібекжан Сабыржанова (68 келі) қола медаль алды.
Енді бүгін, 19 шілдеде 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы еркін күрес балуандары 57, 65, 70, 79 және 97 келіде салмақта жүлделерді сарапқа салады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.