НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өтіп жатқан Азия чемпионатында грек-рим күресінен ел құрамасы жалпы командалық есепте көш бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрлықтық додада қазақстандық балуандар 2 алтын, 5 күміс және 2 қола медаль алды.
Ел құрамасынан Әлімхан Сыздықов (130 келі) мен Мейіржан Шермахамбет (67 келі) жеңімпаз тұғырына көтерілді.
Ал, Аманғали Бекболатов (55 келі), Мейрамбек Айнағұлов (63 келі) пен Мақсат Ережепов (77 келі), Абылайхан Әмзеев (72 келі) және Диас Қален (82 келі) күміс жүлдегер атанды.
Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) пен Ернұр Фидахметов (60 келі) жұбаныш финалында қарсыласын жеңіп, қола жүлдегер атанды.
Осылайша еліміздің атынан сынға түскен 10 балуанның 9-ы жүлделі орындардан көрінді.
Нәтижесінде жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы көш бастады. Одан кейінгі орындарда Иран және Қырғызстан құрамалары тұр.
Енді 21 сәуірде құрлықтық додада әйелдер күресінен жеңімпаздар анықталады.
Азия чемпионаты 24 сәуірде мәресіне жетеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.