Азия чемпионатында қазақстандық самбошылар 50-ден астам медаль иеленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өткен самбодан Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар 22 алтын, 16 күміс және 13 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Штаттық ұлттық командалар және спорттық резерв дирекциясы» РМКК баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы 51 медаль иеленген Қазақстан құрамасы турнир кестесінде 1 орынға жайғасты. Жеңіп алған медальдар саны бойынша екінші орында - Моңғолия құрамасы тұр. Турнир иелері Қазақстанға алтын медаль саны бойынша есе жіберді. Үшінші орында - түркімендік самбошылар.

Естеріңізге сала кетсек, мамырдың 11-14 аралығында Моңғолияның Ұлан-Батор қаласында самбодан ересектер, жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты өтті. Қазақстан намысын ұлттық құраманың 65 мүшесі қорғады. Турнир моңғол самбосының құрылуына 50 жыл толуына арналды. Азия чемпионаты осы жылғы 29 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Индонезия астанасы Джакартада өтетін Азия ойындарына дайындық саналады.