Азия чемпионатында Қазақстанның 10 боксшысы жартылай финалға шықты

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Қазақстанның 10 боксшысы жартылай финалға шықты. Осы күндері Павлодар қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы бокстан Азия чемпионатында еліміздің жас спортшылары сәтті өнер көрсетуде.

4-5 мамыр күндері ширек финалдық кездесулер өтті. Қазақстанның былғары қолғап шеберлері қарсыластарынан айқын басымдық танытты. Бірқатар кездесулерде біздің жас боксшыларымыздың ауыр соққылары қарсыластарын нокдаунға жібергеніне де куә болдық.

Ертең, жұма күні, жарыс күнделігіне сәйкес демалыс жарияланып отыр. Ал 7 мамыр, сенбі күні жастар арасындағы бокстан Азия чемпионатының жартылай финалдық кездесулері өтеді. Ал 8 мамыр, жексенбі күні Сары құрлық бәсекесінің жеңімпаздары мен күміс жүлдегерлері анықталады.

«Қазспорт» телеарнасы осы жарысты алғашқы күннен бастап тікелей эфирде көрсетіп келеді. Сенбі, жексенбі күндері де спорт жанкүйерлері тікелей эфирде көру мүмкіндігіне ие болмақ. Жарыстың толық көрсетілуі өскелең ұрпақтың дені сау болып өсуіне, спортпен шұғылданудың пайдалы екендігін ұғына түсуіне ықпал ететіні сөзсіз.