Азия Даму Банкі Қазақстанға 95 млн. доллар қарыз береді

АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары

«Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ-1 көлік дәлізі) (Тараз қаласының айналма жолы) (Батыс Еуропа - Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізі) ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Аталған заң жобасы халықаралық Банктен қаржы тарта отырып, Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық дәлізі мен Тараз қаласының айналма жолын салуға қаржы тартуды көздейді. Құжат Сенаттың талқысына жолданады.

Тоқтала кететін жайт, Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізінің іске асуы еліміздің көлік әлеуетін дамытуды қамтамасыз етіп, халықаралық бағыттың қазақстандық бөлігі бойынша қозғалыс қарқынын едәуір арттырады және тиісінше транзиттік жүктердің айналымын өсіретін болады.

Ал Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісім шеңберінде екі жолақты қозғалысты екінші техникалық санаттағы, қашықтығы 7,7 шақырым жолдың қолданыстағы учаскесін цемент-бетон төселген және төрт жолақты қозғалыстағы санатқа ауыстыра отырып, жаңғырту қарастырылады. Бұнымен қоса, Тараз қаласының қашықтығы 57,4 шақырым жаңа айналма учаскесінің құрылысын салу көзделген. Көлік және коммуникация вице-министрі Роман Склярдың айтуынша, келісімге сәйкес Банк Қазақстанға 95 млн. АҚШ доллары сомасында қарыз ұсынады. Бұл ретте 4 жылдық жеңілдікті қоса алғанда қарызды өтеу мерзімі 20 жылға тең. Қарыз жылына 0,15 пайыз мөлшерлемемен беріледі. Ал Қазақстан Үкіметінің аталған жобаны қаржыландыру үлесі 17 млн. доллардан аспайды. Бұл ретте бюджет қаражаты құрылыс жұмыстарын қосымша қаржыландыруға, сондай-ақ салықтарды төлеуге бағытталады.