Азия даму банкі мен Жапонияның халықаралы ынтымақтастық агенттігінің қаржысы халықаралық дәліздің Жамбыл облысындағы учаскелерін қайта салуға жұмсалады

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Таяуда Астана қаласында өткен автомобиль жолдары комитетінің отырысында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізінің Жамбыл облысындағы учаскелеріндегі құрылыс жұмыс барысы талқыланды.

Отырысқа автомобиль жолдар комитеті, Жамбыл облыстық департаменті, мердігерлік ұйымдар мен құрылысты бақылау жөніндегі компания басшылары қатысты.

Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жамбыл облыстық департаментінің директоры Ұлан Әліпов өз баяндамасында аумақ бойынша мердігерлер жұмыс кестесі бойынша, ал кейбір мердігерлер одан озыңқы жүргізіп отырғанын атап өтті.

Жамбыл облысында құрылыс жұмыстары ұзақтығы 236 км учаскелерде жүргізілуде. Қалған 217 км Азия Даму банкі (АДБ) мен Жапон халықаралық ынтымақтастық агенттіктен (ЖХЫА) займ алынуына байланысты.

Бүгінгі күнге Қазақстан Республикасы мен АДБ арасындағы үшінші транш арқылы 173 млн. АҚШ доллары сомасына займ алу жөніндегі Келісім мүдделі органдармен мақұлданып, ҚР Үкіметінің қарауына енгізілді. Келесі айда оған қол қойылады деп күтілуде. Сонымен қатар, мердігерлік компанияларды таңдау жөніндегі конкурстық рәсімдері өткізілуде. Жалпы ұзақтығы 97,7 км (162-260 км, Қырғызстан шекарасына кірме жол) учаскелердегі құрылыс келесі жылдың бірінші тоқсанында басталуы тиіс.

Қазақстан Республикасы мен ЖХЫА арасындағы 6 млрд. йен сомасындағы займ жөніндегі Келісімге қол қойылып қойған. Қазіргі таңда бұл Келісім ратификациялау рәсімін өтуде. ЖХЫА қаржысы ұзақтығы 20 км (383-404 км) учаскесіндегі жұмыстарды қаржыландыруға жұмсалады.

Жалпы, қазір облыс бойынша 6 мердігерлік және 54 еншілес мердігерлік компаниялар жұмыс атқаруда. 1504 техника, 8 цемент-бетон зауыты және 3 жаңа бетон төсегіш жұмылдырылған. Басқа салаларды қоса есептегенде, жұмысқа барлығы 9812 адам тартылған.

22 қарашаға дейін 50 км-ден астам цемент-бетон жамылғысы төселіп, жыл аяғына дейін тағы 7 км төсеу жоспарланған.

«Ақмола құрылыс материалдары» компаниясы 17 км асфальтбетон жамылғысын төсеп, жолдың төменгі қабаты бойынша қозғалыс ашылды. Солармен қатар, «К-дорстрой» компаниясы да жүктелген міндеттерді жұмыс кестесіннен оза орындауда. Инерттік материалдардың уақытылы жеткізілмегендіктен «КСС/Жамбылжолқұрылыс» и «Казахдорстрой» компаниялары артта қалып келді. Осыған байланысты, оларға бұл мәселені бақылауға алып, материалдарды жеткізу кестесін әзірлеу тапсырылды.

Отырысты қорытындылай келе, автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов жоспарланған құрылыс жұмыстарын ауа райына қарай қысқа мерзімде аяқтау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, 2011 жылдың құрылыс науқанына жол-құрылыс материалдарын әзірлеуге ерекше назар аударуды тапсырды. Осыған орай, барлық мердігерлік ұйымдарға қысқы мерзімде қажет болатын темір жол вагондарының санын анықтап, материалдарды әзірлеу кестесін жасау жөнінде тапсырма берілді.