Азия дамуының ерекшеліктері V Астаналық экономикалық форум барысында талқыланады

АСТАНА. 26 наурыз. ҚазАқпарат -  2012 жылы 24 мамырда өтетін V Астаналық экономикалық форум аясында «Азия көшбасшылығы: ұқсас жетістіктер» сессиясы ұйымдастырылады.

«Бүгінгі күні Азия өңіріндегі елдердің табысты экономикасы мен   қарышты дамуы әлемнің назарын өзіне аударып отырғаны анық. Азияның бір бөлшегі болып табылатын Қазақстан да даму үдерісін көрсетіп отырған  Қытай, Корея, Гонконг, Малайзия, Тайвань секілді елдердің тәжірибесін өзіне сіңіру мүмкіндігіне ие. Тіпті жекелеген ондай елдердің жағдайындағы табысты даму құпиясы Қазақстан экономикасының түрлі салаларындағы тиімді саясат үшін негіз бола алады», - делінген  баспасөз айғағында.

Осы ретте Азия өңірі мемлекеттерінің экономикалық дамуын зерттеу, өңірдің табысты елдерінің экономикасына қозғау салған тіректерді  қазақстандық экономика жағдайында қолдану мәселелерін саралау мақсатында Экономикалық даму және сауда министрлігі «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-мен бірлесе отырып 24 мамыр 2012 жылы өтетін V Астаналық экономикалық форум шеңберінде «Азия көшбасшылығы: ұқсас жетістіктер» сессиясын ұйымдастыратын болады.

Сессия барысында Азия елдерінің дағдарысқа дейінгі және дағдарыстан кейінгі өсім драйверлері, экономиканы қалпына келтірудегі мемлекеттің рөлі, Азиялық өңірлік жағдайында салыстырмалы басымдықтар теориясын қолдану мәселелері талқыға түспек. Осыған орай, сессия барысында «БОАО» Азиялық форумының Бас директоры Чжоу Вэньчжунның, Азия стратегия және көшбасшылық институтының құрылтайшысы және атқарушы директоры Майкл Йеоның, сондай-ақ Қытай, Жапония мен Қазақстанның жетекші компаниялар басшылары сөз сөйлейтіні көзделіп отыр. Шараға танымал экономист ғалымдар, бизнес құрылым басшылары мен халықаралық компания өкілдері де атсалыспақ.