Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің айтуынша, бұл форумға әуелде Мо Ян, Орхан Памук, Харуки Мураками, Кэндзабуро Оэ сияқты Нобель сыйлығының лауреаттары мен номинанттары шақырылған екен. Алайда Нұр-Сұлтанға келуге тек Нобель сыйлығының 3 номинанты ғана мүмкіндік тауыпты.
«Нобель сыйлығының лаураеаты Кэндзабуро Оэнің жасы 85-ке келіпті. Ұзақ жолды көтере алмайтынын айтты. Ал Орхан Памук АҚШ-қа кетіп бара жатқандықтан, тағы бірде келуге уәде берді. Мо Ян мырзаны Қытай жазушылар одағының төрайымы әкелуге уәде берген. Сөйтсе, ол кісі Қытай аумағынан жылына екі-ақ рет шыға алады екен. Екі мүмкіндігін де пайдаланып қойғандықтан, ол да болашақта келуге уәде берді», - дейді форум иесі.
Әйтсе де, форумға келе жатқан 70-тен астам ақын-жазушының бәрі де өз елінде ең танымал тұлғалар деуге болады. Солардың арасында Қытай Мемлекеттік сыйлығының иегері, пекиндік жазушы, қандасымыз Әкбар Мәжит те бар. Жалпы бұл форумға Қытай өзінің 3 жазушысын жіберіп отыр. Ирандық Сайид Ходи Киесари де парсы әлемінде көзі тірі жазушылардың ең танымалы саналады. Ресейден Анатолий Ким бастаған 5 әдебиетші, Үндістаннан «Дурбапутра» романының авторы Амар Митра, Малайзиядан ғалым-ақын Мухамад Саллех, Вьетнамнан «Тексіз адам тарихы» кітабының авторы Хуан Дук сияқты танымал әдебиет өкілдері қатысады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, Кувейт, Иордания, Непал, Бруней, Сауд Аарабиясы, Индонезия, Камбоджа, Тайланд, Жапония, Ирак, Өзбекстан, Шри-Ланка сияқты 38 елдің ақын-жазушылары үш күн бойы әдебиет әлеміне қатысты өзекті мәселелерді талқыламақ.
Солардың ішінде Нобель сыйлығының номинананттары кореялық Ко Ын, моңғолиялық Мэнд Оео, катарлық Моза Әл Малки бар.
Еске салсақ, 4-6 қыркүйек күндері елордада Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумы өтеді.