***
«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі саны ертең, маусымның 11-і күні басталатын дүбірлі доп додасына арналған. Футбол жанкүйерлері бұл нөмірден әлемдік доданың теледидардан көрсетілер кестесінен бастап спортқа қатысты барлық мәліметтерді таба алады. Сондай-ақ «Алаш азаматы» айдарынан Құралбек Ордабаевпен болған қазақ футболы туралы қызықты сұхбатты оқи аласыздар. Әйгілі қақпашы, қазақ футболының ардагерімен болған екеуара әңгіме «Аяқдопта арманы көп халықпыз» деген тақырыппен басылған. Басылым тілшісінің сан түрлі сауалдарына тұщымды жауап берген ол «ұлттық құрамаға Қазақстан футбол федерациясының президенті жауап беруі керек. Ұлттық құрамаға Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы емес, Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті емес, президенттің өзі жауап бергені дұрыс. Қазақстан футбол федерациясының президенті - осы ұйымның бірінші тұлғасы, ал ұлттық құрама - ел футболының айнасы, бірінші тұлғасы», деген ойын алға тартқан.
Осы басылымның «Ой-көкпар» айдарының бүгінгі сауалы - «Ұлттық құраманың тізгінін шетелдіктерге ұстатқаннан қазақ футболы ұтты ма?». Осы сұраққа жауап берген «Хабар» телеарнасының спорттық бағдарламалар продюсері Тимур Камашев «білікті шетелдік бапкерлердің Қазақстанда жұмыс істеу - тәжірибе алмасу үшін таптырмас дүние» десе, футбол ардагері, бапкер Болат Есмағамбетов «негізі мұндай мәселелерді Қазақстан футбол федерациясы шешеді ғой. Олар қандай шешім шығарса, солай дұрыс болуы керек. Негізі, көп жағдайда бапкердің азаматтығында, ұлтында тұрған ештеңе жоқ» дейді.
Сондай-ақ «Алаш айнасы» газетінің бейсенбілік нөмірінен қазақ тілді комментаторлардың жетіспеуі, футболдан тікелей репортажды таза қазақ тілінде жүргізу туралы Амангелді Сейітханмен арадағы сұхбатта қамтылған. Әлемдік доп додасында қай топта қандай командалар сайысқа түсетіні, команданың толық құрамы жайлы мәліметтерді де осы нөмірден табуға болады.
«Бүгінде Астана қаласының тұтынушыларын уақтылы сумен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында реттелетін барлық қызмет түрлерінде тарифтерді көтеру қажеттігі туындап отыр. Осыған орай, «Астана су арнасы» кәсіпорын ҚР Табиғи моноолияларды реттеу агенттігінің қалалық департаментіне өтінім берген болатын», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Басылымның атап өтуінше, сумен жабдықтау қызметтерінің тарифтері топтар бойынша саралаған жобалық көлемі ҚҚС-ті қоспағанда суды тұтынудың бір айлық шекті мөлшерінде адам басына 3 текше метр болып белгіленеді және 27,14 теңге болады. 2 топ 3 пен 6,5 текше метр аралығында 54,15 теңге, 3-ші топ 6 текше метрден асатындарға 105,9 теңге болады. Яғни тарифтер 3 есе өспек.
***
«Нұр Астана» газетінің бүгінгі санында «PARIGI Group» компаниясының вице-президенті Харун Решит Айдынмен арадағы сұхбат «Қазақстандағы жобалардан инвестиция аямаймыз» деген тақырыппен берілген. Екеуара әңгіме барысында ол «біз өз тарапымыздан Қазақстанмен арада ұзақ мерзімді байланыс орнатуға барынша мүдделі болып отырмыз. Бұл екі тарап үшін де тиімді деп ойлаймын. Осы орайда, мен бір мәселені баса айтқым келіп отыр. «PARIGI Group» Қазақстанға бір мәрте инвестиция құйып, кейін қаражатты сыртқа алып кетуді көздеп отырған жоқ. Егер екіжақты тиімді байланыс орнатсақ, тапқан қаражатымызды осы елде айналымға жібереміз», депті.
Түркияның Ыстамбұл қаласында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің ІІІ саммиті аяқталды. Осыған орай «Айқын» газетінде «Азия кеңесі Назарбаевтың күш-жігерінің арқасында өмірге келді» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Басылымның атап өтуінше саммит қорытындысы бойынша Ыстамбұл саяси декларациясы қабылданып, АӨІСШК-ге мүше елдер Сыртқы істер министрлері АӨІСШК Хатшылығының, оның персоналының және АӨІСШК-ге мүше мемлекеттер өкілдерінің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияға қол қойған.
«Айқын» газетінің жазуынша, мемлекетімізде азаматтардың хал актілерін тіркеу, соның ішінде неке қию мен бала туылуларын тіркеу жыл сайын көбейіп келе жатқан көрінеді. «Мемлекеттік қамқорлықтың арқасында билығы жылдың бірінші тоқсанында азаматтық хал акітелірн тіркеу былтырғыға қарағанда 14 пайызға өскен», деп мәлім етеді басылым «Халқымыздың саны өсіп келеді» деген мақаласында.
***
«Казахстанская правда» газетінің бүгінгі нөмірінде Мемлекет басшысының Маңғыстау облысындағы жұмыс сапары егжей-тегжейлі баяндалған. Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның индустрияландыру картасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, телекөпір арқылы негізгі жобалардың басшыларымен тікелей байланысқа шыққан. Сондай-ақ осы күні Президент Қазақстандағы алғашқы оралмандары бейімдеу және кіріктіру орталығының жұмысымен танысып, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің студенттерімен жүздескен. Мұнан соң Елбасы «Ақтау» ойын-сауық кешенінде болған.
Президенттің Маңғыстау облысындағы жұмыс сапары жайында «Айқын», «Литер» басылымдары да тарқата жазған.
«Жамбыл облысының атқарушы органдары бизнестің дамуы үшін ашық әрі жайлы ахуал қалыптастыру арқылы басқа басқа өңірлерге үлгі болуы қажет. Мұндай тапсырманы аталған облыста жұмыс сапарымен жүрген Үкімет басшысы К.Мәсімов берді», деп жазады «Экспресс К» газеті.
Премьер-Министр көптеген бағыттар бойынша, оның ішінде үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын орындау барысында оң өзгерістің бар екендігін атап өткен.