12:27, 28 Наурыз 2009
Азия мемлекеттері қазіргі әлемдік қауымдастық алдында тұрған қауіппен күресте бірлесе түсуі керек ? Хосе де Венесиа
АСТАНА. Наурыздың 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Азия мемлекеттері қазіргі әлемдік қауымдастық алдында тұрған қауіппен күресте бірлесуі керек. Бүгін елордада өтіп жатқан Азиялық саяси партиялар Халықаралық конференциясы Тұрақты комитетінің 10-шы отырысында аталған комитеттің тең төрағасы Хосе де Винесиа осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз әлемдік дағдарыстың салдарына байланысты капитализмнің ең абзал элементтерін және социализмнің ең жақсы сипаттарын пайдалануды талқылауға, бұларды бірегей саяси экономикалық идеология ретінде қолдануды талқылау мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Өйткені, капитализмнің жалғасы әртүрлі сатыда неше түрлі проблемаларға әкеліп тіреп отыр. Сонымен бір мезгілде, қазіргі Қытай бір кездегі Ресей секілді басқа да әлем мемлекеттері тәжірибесінде социализмнің, социалистік демократияның да бірқатар басымдықтары болғанын көрсетеді. Бұл да жетістікке жетудің жекелеген стандарттарына жатады», - деді Хосе де Венесиа. Осыған орай, Комитеттің тең Төрағасы алдағы уақытта өтетін G-20 (Үлкен 20 ел тобы) жиынына бірқатар ұсыныстар жасау қажеттігін атап өтті. Мұндай ұсыныстардың бір парасы мемлекеттік қарыздардың артып отырғанына назар аудартып, осы қарыздарға батып отырған елдердің проблемаларын шешу жолдарына қатысты болуы тиіс. «Өйткені, жаһандану нәтижесінде бай мемлекеттердің қазынасы арта түсетін болса, кедей мемлекеттердің жағдайы тіпті құлдырап кетеді», - деді Хосе де Венесиа.