Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов (71 келі) Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан XIX жазғы Азия ойындарында алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық боксшы 1/8 финалда қытайлық Пейчен Ваннан 4:0 есебімен басым түсті.
Нәтижесінде ол ширек финалға жолдама алды.
Айта кетсек, Асланбек Шымбергенов биыл Өзбекстанда өткен әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ, ол 2018 жылы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанса, 2017 жылы Бүкіләлемдік әскери ойындарда чемпион болды.
Енді ол ширек финалда 30 қыркүйекте өзбекстандық Асадхуджа Муйдинхуджаевпен шеберлік байқасады.
Бокстан ел құрамасынан Сәкен Бибосынов (51 келі) бүгін, 28 қыркүйекте өзбекстандық Хасанбой Дусматовке есе жіберіп қойды.
Еске салсақ, бұдан бұрын ел құрамасынан Назым Қызайбай Азия ойындарын жеңіспен бастады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.