Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында қазақстандық ауыр атлет Александр Уваров қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық ауыр атлет 81 келіге дейінгі салмақта сынға түсті.
Оның екі жаттығу бойынша көрсеткіші — 348 келі.
Аталған салмақта бірінші орын Солтүстік Кореядан келген Ри Чонсонға (364 келі), екінші орын өзбекстандық Мұхаммедкодир Тоштемировке (351 келі) бұйырды.
Тағы бір қазақстандық Еламан Сейтқазы төртінші (343 келі) орында.
Азия ойындарында ауыр атлетика сайыстары 30 қыркүйек пен 7 қазан күндері өткізіледі.
Азиадада Қазақстан құрамасында 524 спортшы бар. Олар спорттың 30 түрінен сынға түседі.
Оның 27-сі –олимпиадалық спорт түрі саналады.
Дүбірлі додада тоғыз спорт түрінен Парижде өтетін 2024 жылғы Олимпиадаға қатысуға лицензия алады.
Олардың қатарында бокс, садақ ату, қазіргі бессайыс, жүзу, көркем жүзу, брейкинг, көгалдағы хоккей, теннис, жеңіл атлетика бар.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.