Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтетін Азиада-2026 додасы құрлық деңгейіндегі мықтыларды ғана анықтап қоймай, сполртшылардың Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасына дайындық деңгейін тексеруге мүмкіндік береді. Оның үсітне жекпе-жекке құрылған спорт түрлерінен қатысатын құрамалардың көбі құрамын жаңартып барғалы отыр.
Басқаша айтсақ, өз салмағында «фаворит» саналатын спортшылардың бәсекесі де, тың есімдердің тегеурінін тамашалау да жанкүйер қауым үшін қызық болмақ. Ал бұл спорттан сенсация іздейтіндерге тіптен қызық.
Бокс (ерлер): Өзбекстан қандай тосын сыймен барады?
Қазақстан мен Өзбекстан Нагояға жаңарған құраммен келеді. Сондықтан салмақ дәрежелерінің көбінде екі ел өкілдерінің арасында тартысты айқастар күтіледі.
90 келіден жоғары: Айбек Оралбай – Жахонгир Зокиров
Азия чемпионы Айбек Оралбайға жастар арасындағы әлем чемпионы, өзбекстандық суперауыр салмақтағы Жахонгир Зокиров қарсы тұрады. Бұл – аса ауыр салмақтағы басымдық үшін маңызды айқас. Мұнда жеңіске жеткен боксшы Лос-Анджелес Олимпиадасына дейінгі кезеңде өз салмағындағы көшбасшылыққа елеулі қадам жасайды.
90 келіге дейін: Нұрбек Оралбай – Турабек Хабибуллаев
Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы Нұрбек Оралбайға өткен Азиаданың жүлдегері Турабек Хабибуллаев жолығуы мүмкін. Өзбек боксшысы ірі жеңістерге ұмтылып жүр. Ал Нұрбек үшін бұл турнир әлемдегі үздік жартылай ауыр салмақтағы боксшылардың бірі ретіндегі мәртебесін бекітуге мүмкіндік береді.
70 келіге дейін: Төрехан Сабырхан – Шавкатжон Болтаев
Бұл – жас таланттардың текетіресі. 18 жастағы қазақстандық боксшы, жастар арасында Азияның төрт дүркін чемпионы Төрехан Сабырхан Азиададағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Оның қарсыласы – өзбекстандық мықты боксшы Шавкатжон Болтаев. Бұл айқас Төреханның ересектер арасындағы элитаға бірден енуге қаншалықты дайын екенін көрсетеді.
60 келіге дейін: Оразбек Асылқұлов – Абдумалик Халоков
Техникалық шеберлігімен танылған Оразбек Асылқұловты аса күрделі сынақ күтіп тұр. Оның ықтимал қарсыласы – Париж Олимпиадасының қазіргі чемпионы, әлем чемпионы әрі өткен Азиада жеңімпазы Абдумалик Халоков. Өзбекстандық боксшыны жеңу Оразбек үшін турнирдегі ең ірі сенсациялардың біріне айналуы мүмкін.
55 келіге дейін: Махмұд Сабырхан – Самандар Олимов
«Қазақтың Ломаченкосы» атанған Махмұд Сабырхан 55 келіге дейінгі салмақтағы мансабын жаңа кезеңнен бастайды. Азиадада оған өзінен жас өзбекстандық талант Самандар Олимов қарсы тұруы мүмкін.
Бокс (әйелдер): Кіл мықтылар және күрделі жеребе
Қазақстан әйелдер құрамасы Нагояға мықты құраммен барады. Алайда алтынға апарар жолда әлемдік рингтің ең мықты боксшыларымен кездесулер күтіп тұр.
51 келіге дейін: Алуа Балқыбекова – Юй У (Қытай)
Бұл әйелдер арасындағы турнирдің ең қызықты жекпе-жектерінің бірі болуы мүмкін. Екі дүркін әлем чемпионы Алуа Балқыбекова Париж Олимпиадасының қазіргі чемпионы әрі Азия чемпионы қытайлық Юй Умен кездеседі.
54 келіге дейін: Назым Қызайбай – Пан Чхоль Ми (КХДР) / Хуан Сяовэнь (Тайбэй)
Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбайдың»алтынға» апарар жолы оңай болмайын деп тұр. Жеңіс тұғырына көтерілу үшін оған екі дүркін әлем чемпионы, Солтүстік Корея өкілі Пан Чхоль Ми мен тайбэйлік үш дүркін әлем чемпионы Хуан Сяовэньнен биік шеберлік көрсету керек. Бұл қарсыластардың әрқайсысымен өтетін жекпе-жек Олимпиада финалына татитын тартыс болмақ.
Бозкілемдегі тартыс
Азиядадағы күрес бәсекесінде Иранның физикалық дайындығы, Жапонияның техникалық шеберлігі және Орталық Азия балуандарының қайсарлығы тоғысады.
Грек-рим күресі, 77 келіге дейін: Демеу Жадраев – Нао Кусака (Жапония) / Амин Кавиянинеджад (Иран)
Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадраев Жапонияда өз бабын қайта дәлелдеуге бара жатыр. Оның жапон балуандарымен өз жерінде кездесуі, сондай-ақ Иранның мықты өкілдерімен белдесуі турнирдің басты оқиғаларының біріне айналуы мүмкін. Әр белдесу Демеудің Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасына дайындығы қалай басталғанын да көрсетпек.
Еркін күрес, 57 келіге дейін: Нұрданат Айтанов – Аман Сехрават (Үндістан) / Гуломжон Абдуллаев (Өзбекстан)
Қазақстандық жас балуан Нұрданат Айтанов еркін күрестің тәжірибелі шеберлері шоғырланған салмақта сынға түседі. Нагоядағы басты қарсыластарының қатарында Үндістанның Олимпиада жүлдегері Аман Сехрават пен Өзбекстанның Олимпиада жүлдегері Гуломжон Абдуллаев бар. Бұл сында ұздік шықса, Нұрданат Азия деңгейіндегі мықтылардың қатарынан орнын ойып алады.
Еркін күрес, 97 келіге дейін: Ризабек Айтмұхан – Араш Йошида (Жапония) / Амирали Азарпира (Иран) / Дипак Пуния (Үндістан)
Қазақстан тарихындағы еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан 97 келіге дейінгі Олимпиадалық салмақта күрделі сынаққа дайындалып жатыр. Азиада-2026 бозкілеміне Бахрейн атынан өнер көрсететін рейтинг көшбасшысы Ахмед Тажудиновтың бармайтынына қарамастан, бұл салмақтағы бәсеке жоғары болмақ. Әсіресе жапондық Араш Йошида, ирандық Амирали Азарпира және тәжірибелі үндістандық Дипак Пуния секілді балуандардың қай-қайсысы да Азиядаға алтыннан үміттеніп барады.