Азия ойындары: Қазақстан волейболдан ширек финалда Оңтүстік Кореямен кездеседі

АСТАНА.KAZINFORM – Аичи және Нагоядағы (Жапония) 2026 жылғы Азия ойындарында волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасының ширек финалдағы қарсыласы анықталды.

Фото: ҚР ҰОК

ҚР ҰОК мәліметінше, жартылай финалға шығу үшін Қазақстан құрамасы D тобында бірінші орын алған Оңтүстік Кореямен кездеседі.

Қазақстан құрамасы В тобында екінші орын алып, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Турнирдегі алғашқы ойында қазақстандық волейболшылар Филиппин құрамасын 3:1 есебімен жеңсе, кейін Қытайға 0:3 есебімен жол берді.

Оңтүстік Корея құрамасы топтық кезеңді жеңіліссіз аяқтады. Олар Гонконг пен Қатарды 3:0 есебімен жеңіп, Вьетнамды 3:1 есебімен ұтты.

Қазақстан – Оңтүстік Корея арасындағы ширек финалдық матч 20 қыркүйекте өтеді. Ойын Астана уақытымен 12:00-де басталады.

Айта кетейік, Қазақстан спортшыларының 20 қыркүйектегі жарыс кестесі жарияланды.