Азия ойындары медальдары таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияда өтетін Аичи-Нагоя-2026 XX жазғы Азия ойындарын ұйымдастырушылар алдағы жарыстарда жеңімпаздар мен жүлдегерлерге табысталатын медальдарды таныстырды.

Фото: Азия ойындары-2026 Ұйымдастыру комитеті

Медаль тұжырымдамасы Ойындардың «Imagine One Asia» («Біртұтас Азияны елестет») ұранына негізделген. Бұл идея бір кездері тұтас бір кеңістік болған Азия құрлығының уақыт өте келе сан алуан тіл мен мәдениеттер қалыптасқан, өзіндік ерекшеліктері бар көптеген өңірге бөліну тарихын бейнелейді. Ал медаль спорт арқылы қайта бірігуді білдіреді.

Медаль дизайнының авторы — жапониялық дизайнер әрі креативті директор Дайсукэ Сиба. Оның жобасы арнайы байқауда үздік деп танылды. Байқауға дизайн мамандығында білім алып жүрген студенттермен қатар, осы салада кәсіби тәжірибесі бар мамандар да қатыса алды.

Фото: Азия ойындары-2026 Ұйымдастыру комитеті

Дизайнды әзірлеу барысында Сиба керамикалық дискілерді бірнеше рет сындырып, пайда болған бөлшектерді зерттеген. Болашақ медальдің табиғи әрі көзге тартымды пішіні табылғанға дейін бұл жұмыс жалғаса берген.

Автордың айтуынша, бұл үдеріс спортшылардың айтулы жарыстарға дейінгі жүріп өткен жолын көрсетеді. Спорттық жолында олар талай қиындыққа тап болып, сан түрлі сынақтан өтеді. Сол жолдағы әрбір еңбек пен күш-жігер ақырында бір жерге тоғысып, спортшының жеткен жетістігін айшықтайтын медальға айналады.

Фото: Азия ойындары-2026 Ұйымдастыру комитеті

Медальдар жеңіс дәрежесіне қарай әртүрлі материалдан жасалады. Салмағы шамамен 265 грамм болатын алтын медаль таза күмістен дайындалып, кемінде 1 грамм алтынмен қапталады. Күміс медаль таза күмістен жасалады және оның салмағы шамамен 264 грамм болады. Ал қола медаль құрамында 95 пайыз мыс және 5 пайыз мырыш бар қызыл жезден дайындалады. Оның салмағы шамамен 222 грамм.

Медальдарды әзірлеу кезінде ұйымдастырушылар қоршаған ортаға ұқыпты қарау қағидатын ұстанды. Олардың өндірісіне қажетті металдардың бір бөлігі арнайы Aichi-Nagoya 2026 Recycled Medal Project бағдарламасына қатысқан муниципалитеттер жинаған шағын электронды құрылғылардан алынды. Бұл бастама материалдарды қайта пайдалануға және экологиялық ұстанымдарды насихаттауға бағытталған.

Фото: Азия ойындары-2026 Ұйымдастыру комитеті

Медаль таспасының дизайнына да ерекше көңіл бөлінді. Оның негізгі элементі — какицубата (жапон құртқашашы) гүлінің сұлбасы. Бұл — Аичи префектурасының ресми гүлі. Сонымен қатар таспа дизайнында осы өсімдік жапырақтарының пішінінен шабыттанған иілген доғалар қолданылған. Таспаның әсем пішіні спортшылардың сымбатты әрі мықты болмысын жеткізуді, сондай-ақ, Аичи мәдениетін әлемнің басқа бөліктерімен байланыстыру және оны болашақ ұрпаққа жеткізу идеясын білдіреді.

Медальдің ерекше элементтерінің бірі — оған арналған қаптама. Оның сыртқы және ішкі пішіні сегіз қырлы етіп жасалған. Қаптаманы безендіруде «八» («сегіз») иероглифі қолданылған. Тарихи тұрғыдан бұл таңба бір кездері қазіргі Аичи префектурасының аумағын басқарған Овари Токугава әулетінің эмблемасында болған. Сонымен қатар ол қазіргі Нагоя қаласының эмблемасында да қолданылады.

Иероглифтің сыртқа қарай кеңейе түсетін пішіні қазіргі уақыттан болашаққа қарай қозғалысты бейнелейді. Сондай-ақ ұзақ мерзімді даму мен өркендеуге деген үмітті білдіреді.

Фото: Азия ойындары-2026 Ұйымдастыру комитеті

Қаптаманы жасау кезінде ұйымдастырушылар өңірдің мәдени мұрасына да назар аударған. Аичи префектурасында шай рәсімі ежелден қалыптасқан дәстүр. Бұл рәсімде бағалы шай құралдарын әдетте ағаш жәшіктерде сақтайды. Осы дәстүрді ескере отырып, медальдің қаптамасы Аичиде өсірілетін жапон кипарисі — хиноки ағашынан жасалған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2026 жылғы Азия ойындарының медалі спорт идеясын өңірдің тарихы, табиғаты, мәдениеті және заманауи экологиялық қағидаттарымен байланыстырады. Медальдің пішіні мен фактурасынан бастап, таспасы мен ағаш қаптамасына дейінгі әрбір бөлшек спортшылар, қабылдаушы тарап және спорт арқылы біртұтас Азия арасындағы байланысты айшықтауға бағытталған.