Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан XIX жазғы Азия ойындарында су добынан Қазақстан ерлер құрамасы ширек финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық спортшылар В тобында сынға түсті. Қарсыластары – Жапония, Сингапур және Гонконг.
Үшінші ойында ел құрамасы Сингапурды 22:4 есебімен тізе бүктірді.
Одан бұрын Гонконгты 25:4 есебімен жеңсе, Жапонияға 13:15 есебімен есе жіберді.
Нәтижесінде өз тобында екінші орын алып, ширек финалға шықты.
Енді олар ширек финалда, 5 қазанда Оңтүстік Кореямен шеберлік байқасады.
Айта кетсек, жарыс барысында 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдамалар сарапқа салынады.
Су добынан еліміздің ерлер құрамасы Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. 2006 жылы қола жүлдегер болса, қалғанында чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан әйелдер құрамасы Азия ойындарында үздік үштікке тұрақтады.
Сондай-ақ Азия ойындарында ауыр атлет Александр Уваров қола медаль еншіледі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.