Су добынан еліміздің ерлер құрамасы Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ширек финалда ел құрамасы Оңтүстік Кореядан 15:8 есебімен басым түсті.
Кездесу барысында қазақстандық спортшылар басым ойын көрсетті.
Енді ел құрамасы жартылай финалда Қытаймен 6 қазанда шеберлік байқасады.
Қазақстандық спортшылар топтық кезеңде Сингапурды 22:4, Гонконгты 25:4 есебімен жеңсе, Жапонияға 13:15 есебімен есе жіберді.
Айта кетсек, жарыс барысында 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдамалар сарапқа салынады.
Су добынан еліміздің ерлер құрамасы Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді.
2006 жылы қола жүлдегер болса, қалғанында чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.