Азия ойындарының жүлдегерлері Алматыға оралды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – ХХ жазғы Азия ойындарына қатысқан бір топ спортшы елге оралды.

Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Алматы халықаралық әуежайына спортшыларды әкімдік пен федерациялар өкілдері, олардың туған-туыстары мен достары салтанатты түрде қарсы алды.

Елге оралған отандастарымыздың қатарында ауыр атлетикадан Азия ойындарының күміс жүлдегерлері Нұрғиса Әділетұлы және Аянат Жұмағали, жеңіл атлетикадан Азиаданың күміс жүлдегерлері Кристина Морозова (жартылай марафон қашықтығындағы спорттық жүріс), Кристина Овчинникова (биіктікке секіру), Нора Джеруто (300 м кедергілер арқылы жүгіру), кураштан Азия ойындарының қола жүлдегері Әділет Ахметғали, сондай-ақ марафондық спорттық жүрістен сынға түскен жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева бар.

Әуежайда спортшылар БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, өз әсерлерімен бөлісті. Олардың бірі - Нұрғиса Әділетұлы болды.

- Бұл жарысқа жыл басынан бері дайындалдық деуге болады. Алтынға кішкене жетпеді, күміс алдық. Енді көп демалуға уақыт жоқ. Жақында Қытайда әлем чемпионаты, соған Шымкентте оқу-жаттығуды бастаймыз. Басты мақсатым - Олимпиадаға жолдама алып, онда алтын жеңу. Қателіктермен жұмыс істеп, осы мақсатты еңбек етеміз, - деді Азиаданың күміс жүлдегері.

Кураштан Азия ойындарының қола жүлдегері Әділет Ахметғали да Жапониядағы жарыстан кейін келесі додаға дайындықты бастайтынын айтты.

- Алматы қаласында бізді жақсы күтіп алды. Азия ойындарында қола жүлде жеңіп алдым. Алтын үшін бардық, бірақ бұйырғаны осы болды. Жалпы жарыс жоғары деңгейде өтті. Алдағы жоспарым, Астанада өтетін әлем чемпионатында жеңіске жету, - деді ол.

Еске салайық, бүгін дзюдошы Әділет Алмат алғаш рет жазғы Азиаданың күміс жүлдегері атанды.

Сондай-ақ Есмигул Куюлова осымен екінші рет дзюдодан Азиаданың қола жүлдесін алды.

Жібек Құлымбетова джиу-джитсудан Азиаданың қола жүлдесін жеңіп алды.

Ал Нұржан Батырбеков джиу-джитсудан күміс жүлде еншіледі.