ОРАЛ. ҚазАқпарат - Индонезияда өтетін жазғы Азия ойындарында Батыс Қазақстаннан қос бірдей ескекші ел намысын қорғайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Байдаркадан Қазақстан ұлттық құрамасының аға бапкері, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Акунишниковтің айтуынша, төрт жылда бір рет өтетін айтулы додада Алексей Дергунов пен Андрей Ергучев бақ сынамақшы.
Ескекшілердің екеуі де тәжірибелі, А.Дергунов бұған дейін үш олимпиадаға қатысса, А.Ергучев бұдан екі жыл бұрын Риодағы додада айдынға шыққан болатын. Ең бастысы, бұдан төрт жыл бұрын оңтүстіккореялық Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында қос ескекші де топ жарып, чемпион атанған еді, яғни олар жеңістің дәмін біледі.
Қазіргі кезде Алексей мен Андрей Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Азия ойындарына дайындалуда. Олар 1 мың метрлік қашықтықта екі кісілік және 500 метрден төрт адамдық байдаркада сынға түспекші.
«Күні бүгін Брест қаласындамыз. Әзірлік қалыпты өтуде. 30 шілде күні Болгария астанасы Софияға аттанамыз. Онда Азия ойындары алдындағы қорытынды жиын болмақшы. Қазақстандық ескекшілер алдағы жауапты сында жоғары орындардан көріну үшін барын салатын болады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Александр Акунишников.
Айта кетейік, Орал қаласында туып-өсіп, спорттық жолын бастаған А.Акунишниковтің өзі 1986 жылы КСРО құрамасы сапында әлем чемпионы атанған болатын. Бүгінде өз ізбасарларын дайындап жүрген ол алдағы жылы алпыс жастың биігіне шығады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).