Азия ойындарының факелі эстафетаның Астанадағы кезеңінде морждармен бірге Есіл өзеніне түсетін болады - С.Құранбек

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қысқы Азия ойындарының факелі эстафетаның Астанадағы кезеңінде морждармен бірге Есіл өзеніне түсетін болады.

Бұл туралы бүгін ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Азия ойындары Алау эстафетасы дирекциясы басшысының орынбасары Сәрсен Құранбек айтты.

С.Құранбектің сөзіне қарағанда, Алау эстафетасының елордадағы кезеңіне қатысушы алаугерлердің саны өзге өңірлермен салыстырғанда ең көп - 100 адам. Сәйкесінше, оның жүріп өтетін жолы да ең ұзақ - 15,4 шақырым.

Алаугерлер Азиада алауын Астананың ең көрікті жерлерімен алып өтетін болады. Эстафетаның бірінші кезеңі сағат 12.00-де «Қазақ елі» монументі мен Бейбітшлік және келісім сарайының алдындағы алаңнан басталып, «Хайвилл» Тұрғын үй кешені, «Арқар» М-3 көпірі, министрліктер үйі, Ақ Орда, «Бәйтерек» монументі, Көлік және коммуникация министрлігі, «Нұр Астана» мешіті ғимараттары орналасқан көшелермен жүріп өтеді де Мемлекеттік рәміздер алаңына келіп тоқтайды.

Эстафета техникалық үзілістен кейін Астана әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңда сағат 15.30-да қайта жалғасады. Алаугерлер Абай даңғылы арқылы Республика көшесіне шығып, Есіл өзенінің үстіне түседі. Одан кейін «Рэдиссон САС» қонақүйінің алдындағы көпірге шығып (Тұран даңғылы), «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық кешеніне келіп тоқтайды.

Астаналық эстафетаны тамашалауға барлығы 50 мыңға жуық көрермен жиналады деп күтілуде.

С.Құранбек атап көрсеткендей, велошабандоз Александр Винокуров пен белгілі байкер Дмитрий Петрухин өздеріне белгіленген межені екі дөңгелекті серіктерімен жүріп өтетін болады. Бұдан әрі алау құтысы шаңғышылардың, конькимен жүгірушілер мен Есіл өзеніне сүңгитін морждардың қолына көшпек.

Алаугерлердің қатарында гимнасшы Анна Алябаева, хоккейші Талғат Жайлауов, конькимен жүгіруші, жаттықтырушы Радик Бикчентаев, скрипкашы Айман Мұсақожаевалар бар.

С.Құранбектің айтуынша, республика бойынша іріктеп алынған ең жас алаугер, 13 жасар Ілияс Жандос Астанада жүгіреді. «Батыр бала Ілияс, Азиада Алауын бас қалада алып өту құрметіне суға кетіп бара жатқан қызды өлім аузынан арашалап қалғаны үшін ие болды», - дейді ол.

Ал жасы ең үлкен алаугер, бүгінде тоқсанды алқымдағын белгілі қаламгер, халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әзілхан Нұршайықов Ақ Азиада Алауын қаңтардың 25-26 күндері Өскеменге жететін эстафетада көтеріп жүрмек.