Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басқарма басшысы Марат Қаскербаев айтты.
-Бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Жапонияда өтіп жатқан Азия Пара ойындарында ел намысын қорғап жатыр. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын додаға қатысатын отандық спортшылардың саны артып келеді. Атап айтқанда, IV Азия Пара ойындарында еліміздің атынан 131 спортшы өнер көрсетсе, биылғы бәсекеде 150 спортшы бақ сынауда. Бұл көрсеткіштер елімізде пара спорт түрлерінің қарқынды дамып келе жатқанын және спортшыларға жасалып жатқан мүмкіндіктердің кеңейе түскенін көрсетеді. Әрине, мұндай нәтижелерге қол жеткізуде мемлекеттің жүйелі қолдауы ерекше рөл атқарады, – деді Марат Қаскербаев.
Оның айтуынша аталған бағытта 2025 жылы министрлік «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң жобасын әзірледі. Құжатқа «мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші» ұғымы енгізілді. Жаңа заңнамалық нормалар сүйемелдеушілердің халықаралық жарыстарға қатысуына байланысты шығындарды қаржыландыруға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде биылғы Азия Пара ойындарына ұлттық құрама спортшыларымен бірге 37 сүйемелдеуші қатысып жатыр. Олар спортшылардың жарыстарға дайындалуына, халықаралық додаларға қатысуына және қажетті қолдау алуына жан-жақты көмек көрсету үстінде.
Осыған дейін Қазақстан құрамасы Азия Пара ойындарында тарихи жетістікке жеткені туралы жаздық.