Азия жеңіл атлетика қауымдастығының күнтізбесіне 2 қазақстандық турнир енді
09:27, 19 Қазан 2017
АСТАНА. ҚазАқпарат - Азия жеңіл атлетика қауымдастығы 2018 жылғы жарыстардың күнтізбесін жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Жеңіл атлетика федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұл тізімге Қазақстаннан 2 халықаралық турнир енген. Оның бірі - 20 қаңтар күні Өскемен қаласында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған дәстүрлі халықаралық жарыс.
Бұл дода осымен төртінші рет ұйымдастырылмақ. Биылғы жылы ақпан айында өткізілген үшінші турнирге 8 елдің спортшылары келіп қатысқан болатын.
Екіншісі 28-29 маусымда Рим Олимпиадасының күміс жүлдегері Ғұсман Қосановты еске алуға арналған XXVIII халықаралық жарыс. Аталған мемориалға қатысушылар 30 жекелеген сайыс бойынша сынға түседі (15-і ерлер, 15-і әйелдер арасында). Ұйымдастырушылар дәстүрлі түрде 100 метрге жүгіргендердің ішінде үздік шыққан атлетке арнайы сыйлық тағайындайды.