Азияда экономикалық өркендеу басталады – Үндістандық дипломат

АСТАНА. ҚазАқпарат – Біз бүгінде «Ежелгі Азия» тұжырымдамасына оралып жатырмыз. Мұны елордада өтіп жатқан Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы барысында Үндістанның Қазақстандағы экс-елшісі, Нью-Делидегі Жаһандық зерттеулер институтының президенті Ашок Саджанхар айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз бүгінде «Ежелгі Азия» тұжырымдамасына оралып жатырмыз. Бұл уақытқа дейін экономикалық өсім батыс елдерінде болды. Енді экономикалық өркендеу Азияда жүреді. Себебі әлемнің жетекші мемлекеттері осында орналасқан. Бұл жерде мәселе Азиядағы елдердің осы мүмкіндікті қаншалықты пайдалана алуында. Бұл ретте Қазақстан маңызды рөл атқарады. Сіздердің елдеріңіздің маңызды орталықта орналасуы, жалпы ішкі өнімнің тұрақты өсуі сияқты факторларын ұтымды қолдануға болады. Сонымен қатар, Қазақстан әрқашан ашық, еркін диалогқа дайын», - деп мәлім етті Ашок Саджанхар.

Қоса кетсек, аталған форум аясында сөз сөйлеген БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Терроризмге қарсы комитетінің атқарушы директоры Наталья Герман Қазақстанның «Жусан» гуманитарлық арнайы операциясы өзге мемлекеттерге үлгі екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін елордада Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы өтіп жатқанын хабарлап едік. Оған Азия елдерінен келген 60-тан астам сарапшы қатысып жатыр.