Азияда кәмелетке толмағандар істері жөніндегі алғашқы сотты Қазақстан ашты - Сайханов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бастапқы кезде өте қиын болды. Қазір заң да, басқа да реттелген. Қазақстандық ювеналды соттың ешкімге ұқсамайтын өзіндік қалыптасу, даму жолы бар». Өңірдегі судьялардың бірімен Қылмыстық кодекстің алимент туралы бабын қызу талқылаған Даурен Түсіпханұлы, телефон тұтқасын қоя салысымен бізге ықтияр қойып әңгімесін осылай бастады. Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасымен сұхбат барысында бүгінгі біз көріп отырған жетістіктер ерен еңбек пен маңдай тердің арқасы екеніне көзіміз жетті. Ювеналды әділеттің өткені мен бүгіні, келешегі жайлы Дәурен Сайханов ерекше ыждахаттылықпен айтып берді.

- Дәурен Түсіпханұлы, дәстүрін ұмытпаған, жетімін жылатпаған, «ел боламын десең бесігіңді түзе» деген халықпыз ғой. Ювеналды сотқа мыңдаған істер түсуде. 2015 жылы 4090 іс, 2016 жылы 2518 өтініш қаралыпты. Соңы сотқа дейін жететіндей не болып жатыр деп сұрағымыз келеді?

- «Ақты ақ, қараны қара» деу қазының басты міндеті ғой. Ауруын жасырған көпке бармайды деген, сіздің қойып отырған сұрағыңыздың сарынын тереңнен түсініп отырмын. Қылмыс тым жасарып бара жатыр деп дабыл қақпаймыз, бірақ, құқық бұзуға ынтық тұратын тәрбиесі нашар балалар жоқ емес. Мысалы, ата-аналары жұмыс істемей, ішімдікке салынып кеткен жанұяда білім алуды айтпағанда, балалар қандай тәрбие көреді?! Олар сосын үйден қашады, сабаққа бармайды, көше кезіп кетеді. Күндердің күнінде полицияның назарына ілігеді. Сосын әке-шешесі ата-аналық құқығынан айырылып, бала арнайы мектепке жіберіледі. Ол біздің жеке қалауымыз емес, заңның талабы. Тек арнайы оқу орнының қабырғасына келіп алғаш рет тақтаға шығып, сабақ айтқан балалар бар. Біздің түпкі мақсатымыз - жастарды тәртіпке шақыру, түзу жолға салу, бала құқығының аяқасты болуына жол бермеу. Өкінішке қарай, тек жағдайы нашар отбасынан шыққандар ғана емес, ауқатты адамдардың балалары да ақша бопсалап, қоқан-лоқы әрекеттерге барып, құрбыларының бағалы заттарын тартып алып жатады. Барлығы өзіңіз айтқандай, әр отбасындағы тал бесіктен берілетін тәрбиеге байланысты.

- Жаңа сот ғимаратына кіріп жатып процестерге баланың ата-анасы мен туған-туыстары көп келетініне көзім жетті. Судья болу оңай емес екенін білеміз, ал балалардың істерін қарау тіптен қиын шығар?

- Мәселенің байыбына терең үңіліп, заңның үстемдігін қамтамасыз ету үшін еш нәрсені ескерусіз қалдыруға болмайды. Бала туралы сыныптастары мен құрбылары не дейді, өскен ортасы мен отбасы жағдайы қандай, құқық бұзуға не итермеледі, психологтың бағасы, сот залында бала өзін қалай ұстайды, барлығын екшелейміз. Ажырасып кетіп, баласын бағып-қағуға ешқандай материалдық көмек жасамайтын әкелер бар, несін жасырайық, соңы сотта қаралатын әділетсіздік жайттар аз емес. Азаматтық және қылмыстық істер бойынша татуластыру рәсімдері мен медиациялық шаралар кеңінен қолданылып жатыр.

Қарағанды облысының территориясы төрт Болгарияның аумағы десек, құзырына Теміртау, Абай, Шахтинск, Саран, Балқаш, Приозерск қалалары мен Абай, Қарқаралы, Ақтоғай, Осакаровка, Нұра, Бұқар Жырау, Жаңаарқа, Шет аудандары кіретін сотта жасөспірімдерге қатысты азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер қаралады. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот ең алғаш құрылған кезде, судьялар том-том істерді арқалап қысы-жазы аудандарды өздері аралап жүріп жұмыс жасаған. Небәрі 5 жыл болған Қарағанды облысының ювеналдық соты қазір жұмысты дұрыс жолға қойып, бастапқыда кездесетін мұндай ауыртпалықтардың барлығын еңсеріп отыр. Айтар ауызға оңай болғанмен, бүгінгі жетістік есіл еңбек пен мұқсалмас қайраттың арқасында келгені анық. 

- Жәбір көрген немесе қылмыстың куәгері болған балғындар процеске көптеп келеді. Баланың тілін табу оңай емес қой. Көңілдерін қалай аулайсыздар?

- Балалар ересек адамдар сияқты қойған сауалды толық түсініп, бірден жауап бере алмай жатады. Үлкендердің кикілжіңін көп көрген баланың психологиялық жағдайын елестетіп көріңізші. Не әкесіне, не шешесіне жалтақтарын білмей тыпыршып мазасы қашқан балаларды талай көріп жүрміз. Өзің де қиналып жаныңды қоярға жер таппайтын мұндай қиын сәттерде психолог маман көмекке келеді. Алдымен процеске кіргізбес бұрын баланың жас ерекшелігіне қарай дайындық өткізіледі. Өзін еркін сезініп, төңірегіндегі адамдардың ниет пиғылы дұрыс екеніне көзін жеткіземіз. Кішкентай бала болса ойын түрінде жаттығулар ұйымдастырамыз. Бір сөзбен айтқанда бала құқығын қорғау үшін заңмен көрсетілген кешенді шаралардың барлығын жүзеге асырамыз.   

- Ювеналды сот төрелігін құру істердің қаралу сапасын арттыруда қандай рөл атқарды?

- Елімізде 2000 жылдардан бастап кәмелетке толмағандармен жұмыс әдісін жетілдіру мақсатында «ювеналды әділет» жобасы іске аса бастады. Алғашында оның мақсаты, міндеттері мен принциптері айқындалды. Ал 2007 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңес ювеналды әділет жүйесін құруды мықтап қолға алды. Судьялардың кезекті съезінде Елбасы Сот жүйесіне мамандандырылған ювеналды сот моделін әзірлеуді тапсырды. Сол уақыттан бері қыруар шаруа тынды. Ең алғаш пилоттық жоба ретінде Астана мен Алматы қалаларында  тұңғыш ювеналдық сот ашылды. Осы уақыт аралығында біз қаншама тәжірибе жинақтадық, заң нормаларын қолдануды бір жүйеге келтірдік. Бастапқыда кездескен нормативті-құқықтық қайшылықтарды еңсеру үшін заңнамалық базаны жетілдіру жолында мүдделі мемлекеттік мекемелер күш біріктірдік. Соның нәтижесі болса керек, қазір бір ізге түсіп, ортақ практика қалыптастырып, жұмысты жандандырудамыз. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сотты Қазақстан ТМД және Азия елдері ішінде тұңғыш ашып отыр. Қазіргі күні көрші Ресейдегі заңгерлер де біздің тәжірибемізді зерттеуге кірісті.

- Осы жерде заңды сауал туындайды. Ювеналды сот жүйесін енгізбес бұрын қандай озық тәжірибелер ескерілді?

- Жасөспірімдер істерін қарайтын мамандандырылған соттар әлемнің ондаған елінде жұмыс істейді. Мысалы, Германияда отбасылық қарым-қатынастарды қарайтын арнайы соттар бар. Францияда ювеналды әділет сонау 20 ғасырдың басынан бері дендеп енген. Ең алғаш мұндай сот 1899 жылы Америка Құрама Штаттарының Чикаго қаласында ашылған. Ал бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін 1923 жылы ағылшындар мен шведтер Ұлттар Лигасына балалар құқығын қорғау туралы концепция ұсынған. Сол заманнан бері кәмелетке толмағандардың істері арнайы мамандандырылған соттарда қарала бастады. Көптеген адам құқығын қорғаушы халықаралық ұйымдар ювеналды соттардың болғанын ашық қолдайды. Бұл әлемдегі озық тәжірибе деп есептеледі. Сондықтан Қазақстан Республикасы да уақыт тезінен өткен осы үрдісті құп көріп отыр. 

- Ювеналды сот жүйесінің жұмысын әлі де жетілдіре түсетін қандай тұстары бар? Осы шаруамен күн сайын айналысатындықтан сізге барлығы алақандағыдай көрініп тұрған болса керек.

- 25 жыл тәуелсіздікте тиімді сот жүйесі қалыптасты. Барар жері, басар тауы қалмаған азаматтар сотқа келіп әділдік тауып жатады. Бұл дегеніміз істердің қаралу сапасын, судьялардың кәсіби деңгейін көрсетеді. Судья үшін де керегі сол заң үстемдігі мен ел мәртебесі! Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттардың жұмысын әлі де жетілдіреміз, әлемдегі озық тәжірибелерді де қолданамыз. Мысалы, Ұлыбританияда кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасаған ересек адамдардың істері жалпы соттарда қаралады. Ал Қазақстанда ювеналды соттың еншісіне бұйырған. Өйткені, біз жүгініп отырған континенталдық модельде жасөспірімдердің істерін жалпы сотта қарауға тыйым салынады. Ал американдық модель туралы айтар болсақ, оларда ең бастысы құқық бұзушылықты талқылау және ол үшін жаза тағайындау көзделген. Бірақ соттың тек қылмысқа ден қоюының салдарынан түбінде құқық бұзушылықтың қайталанатыны белгілі.

Біздің отандық ювеналды соттардың құрылуының және қалыптасуының ешкімге ұқсамайтын өз жолы бар. Қазақстандық сарапшылар басқалардың жүрген жолына көзді жұмып түсе салмай, барлық тәжірибелерді екшелеп, терең сұрыптаудан өткізді. Барлығы бір күнде бола қалмайды, жүйелі жұмыс жүргізу үшін үнемі дами беру керек, іздене беру керек. Бұл бағыттағы жұмыстар ешқашан тоқтамақ емес. Қазақта тамаша мақал бар, «Болған жігіт болдым демес, болдым десе болғаны емес» деген. Сол сияқты бізге де болдым-толдым деп отыруға болмайды.

- ДәуренТүсіпханұлы,сұхбатыңызға рақмет, жұмысыңызға сәттілік тілейміз.