Азиядағы қауіпсіздік - жаһандық қауіпсіздіктің негізін құрайды - Президент

АСТАНА. ҚазАқпарат - АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру ескеріліп отыр. Бұл туралы Астанадағы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммитінде сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«АӨСШК құрылғаннан бері мүше мемлекеттер жоғары деңгейдегі бес кездесу мен алты министрлік кездесуін өткізді. Осы орайда Кеңес процесіне белсенді саяси қолдау көрсетілді. АӨСШК-ге әр жылдары Қазақстан, Түркия, Қытай және Тәжікстан төрағалық етті. Осыған дейінгі төрағалықтан кейін 10 жыл өткен соң Қазақстан қазіргі төрағалығында бірқатар өршіл басымдықтарды белгіледі. Бұл тұрғыда АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру ескеріліп отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Мемлекет басшысы осы ұйымды мемлекеттердің мүдделерін өзара құрметтеу қағидаттарына бағытталған азиялық қауіпсіздік жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастыратынын атап өтті.

«Азиядағы қауіпсіздік - жаһандық қауіпсіздіктің негізін құрайды», - деді Президент.