«Азиядағы түсіністік пен үнқатысу алаңы» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 13 қыркүйек, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) мерейтойлық сессиясы және Сыртқы істер министрлерінің  IV кездесуі болды. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып сөз сөйледі. Осы алқалы жиын арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Азиядағы түсіністік пен үнқатысу алаңы» деген тақырыппен жарияланды. «Азия елдері арасындағы сенімді нығайтпай, қауіпсіздіктің жаһандық міндеттерін шешуде айтарлықтай ілгерілеушіліктерге қол жеткізу қиын болатыны анық. Осыған байланысты, бізге Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелері бойынша бірлесіп шешім қабылдау үшін форумның әлеуетін барынша пайдалану қажет», - деді Елбасы жиын барысында.

 

Тарихи кезеңді артқа тастап өз алдына дербес даму жолынан өткен 20 жыл ішінде ТМД аумағындағы мемлекеттердің ұтқаны бар, ұтылғаны бар. Ұтылғаны - тынышы кетіп, экономикасы бірнеше жылдарға кері кеткен елдер. Ұтқаны - ғалами өркениетке өзіндік ұстанымымен жол тартқан мемлекеттер. Әлемдік саяси-экономикалық ықпалдастыққа бірлесе үн қатып отырған әріптес елдердің Еуразиялық экономикалық одағы туралы «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары Лейла Мұзапаровадан пікір сұраған. «Осы таңда қызу қарым-қатынас кепілі болып отырған Еуразиялық экономикалық ықпалдастық әлемге кеңінен танылып үлгерді. Оның себебі, біріншіден, белгілі бір тарихи негізден тамыр тартып, Еуразия кеңістігінде көне ғасырлардан бері алма-кезек дамып келе жатқан геосаяси құрылымдар - ортақ мемлекеттілік пен мемлекет боп қалыптасушы қоғамдар арасындағы тығыз байланыс бар», - дейді ол «Ғаламдық экономикадағы жаңа қадам» деген тақырыппен берілген шағын сұхбатында.

***

Өткен жылдың қараша айында-ақ қазақстандық сот В.Храпуновты тұтқындауға санкция берген болатын. Алматы қаласының экс-әкіміне қатысты 20 қылмыстық істің қозғалуының өзі-ақ осындай шешімнің шығарылуына негіз бола алады. Храпуновқа халықаралық іздеу жарияланбай тұрып-ақ, қазақстандық қоғамда «өзінің байлыққа малынған керемет өмірін мақтан тұтып, оңды-солды ақшаны шашып жүрген бұрынғы шенеунікте соншама миллиондар қайдан?» деген сұрақтар көп болатын. Аса ірі алаяқтыққа қатысы бар деген күдік тағылған «швейцариялық миллионерді» қолға түсіруге бүгінгі күні қазақстандық қоғамның мүдделілігі де арта түсуде. Міне осы еліміздің экс-шенеунігі жайындағы мақала «Айқын» газетінің бейсенбілік санында «Женевада вилланы қалай сатып алуға болады?» деген тақырыппен басылды.

 

Чарли Чаплин марқұм көзінің тірісінде жұртты күлкіге қарық қылумен бірге, оның арғы жағында ащы ақиқаттар жататындығын да айтыпты. Теледидар арқылы да күлкілі жағдайларды насихаттаған актердің айтуынша, кейбір қасіреттердің өзі кісінің күлкісін келтіретін көрінеді. Кейде өзіміздің теріс тірліктеріміз де езу тарттырады екен. Тіпті күлкілі өлім де болатыны ақиқат. Ал осы күлкілі өлімдер жайында білгіңіз келсе, «Айқын» газетіндегі «Күлеміз бе, қайтеміз?!» деген мақалаға назар аударыңыз.  «Тайвань сериалын көріп отырған төрт қытайлық жасөспірім атжалманды өлтіретін у қосылған қауынды жеп, ана дүниеге «сая­хатқа» барғысы келеді. Қатты уланған олар: «Егер ол жақта жаман болса, біз қайта орала­мыз» деп хат қалдырады. Бірақ төртеудің екеуі дәрігерлердің арқасында тірі қалып, өзге екеуі көз жұмыпты», - деп жазады басылым.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филалының директоры Берік Асаубаевпен арадағы сұхбат «Мектеп директорларының барлығы топ менеджер болуы керек» деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Қит етсе болды, «жүйені өзгерту керек» деп шығамыз. Ал егер ҰБТ-ны алып тастасақ, бәрі керемет болып кете ме? Жоқ! Біз бұрынғы емтихандық жүйеге қайтадан көшетін болсақ, онда нағыз жемқорлықтың көкесі сонда болады. Сондықтан бұл жүйенің немесе баланың нашарлығынан емес, сол оқушылардың оқуға деген ынтасын оята алмай отырған мұғалімдердің білім беру әдісінің әлсіздігінен деуіміз керек», - дейді.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің мерейтойлық сессиясы аясында Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесу өткізді. Кездесу барысында Н.Назарбаев Ресей тарабына АӨСШК мерейтойлық іс-ша­ра­ларына қатысқаны үшін риза­шылығын білдірді. Екі ел ара­сындағы серіктестік пен дос­тықты нығайтуда алдағы уақытта өтетін Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы фо­румының маңызы зор екені атап өтілді. Қазақстан Президенті кез­десудің қорытындысы бойынша бейбітшілік пен келісімді ны­ғай­туға сіңірген еңбегі үшін РФ Сыртқы істер министрі С.Лав­ров­қа I дәрежелі «Достық» орденін тапсырды.