Азиялық медиа корпорация басшылары Астанада бас қосады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың 20 жылдық мерейтойы құрметіне 10-12 шілде аралағында Астанада «Азия медиа диалогы» жобасы аясында бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтулы шара шеңберінде семинарлар, конференциялар, сонымен бірге Азия радиосының ән фестивалі өткізіледі. Іс-шараны ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, Азия-Тынық мұхит хабар тарату одағы, (АТМХТО), «Қазмедиа орталығы» басқарушы компаниясы «Астана Конвеншн Бюромен» бірге ұйымдастырып отыр.

«Бүгін біз Ақпарат және комуникациялар министрлігі және Азия-Тынық мұхит хабар тарату одағы бірігіп қолға алған «Азия медиа диалогы» жобасының басталғалы жатқанын хабарлау үшін жиналып отырмыз. Бұл іс-шарада бірнеше семинар мен конференция өтеді. Талқыланатын басты тақырыптың бірі - телерадиохабар тарату саласын заманға лайық дамыту. Форумға Азия-Тынық Мұхит елдері ұлттық және аймақтық хабар тарату бірлестіктерінің жүзден аса өкілдері қатысады. Сонымен қатар, қазақстандық медиа менеджерлер мен журналистер осы іс-шараға ауқымды түрде атсалысады деген үміттеміз. Телевизия мен радио жоғары технология бойынша әрдайым дамуы керек екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Қазақстандық БАҚ та бұл үрдістен қалыс қалмауы тиіс», - деді бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.

Жоба аясында медиа саласындағы басшылар үшін семинарлар тың амалмен радио форматын дайындауға, аудиторияны зерттеу құралдарын бағалауға, Еуропа мен Азияның медиа нарықтарының интерактивті үлгілерін және озық тәжірибелерін көрсетуге, сол арқылы көпплатформалы және бірплатформалы бағдарламаларды қолдануға қатысты мәселелер көтеріледі.

Бұдан басқа алғаш рет Қазақстанда ең ірі салалық конференциялар өткізілмек. Олардың бірі - Азия радиолары мәселелеріне арналған. Азия мен Еуропа медиасына ортақ мәселелерді талқылау масқатында түйіндеуші шара - «Media-2020» конференциясы ұйымдастырылады. Онда Аустралия, Бельгия, Германия, Жапония, Қытай, Еуропа мен Азияның басқа елдерінің жеке әрі ұлттық теле және радиокомпанияларының жетекші өкілдері модератор болады.

Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінің жыл сайынғы ән байқауы болып табылатын «Еуровидение» секілді «ABU Radio Song Festival» ән фестивалі - Астана мерейтойына орай ерекше сый болмақ. Биыл Қазақстан - Орталық Азияда осы фестивальді қабылдайтын алғашқы ел. Фестивальге Түркия, Непал, Мальдив, Қазақстан және өзге де елдердің өнерпаздары қатысады. Іс-шара Қазмедиа орталығының концерт-залында өткізіледі.