19:13, 27 Наурыз 2009
Азиялық саяси партиялардың халықаралық конференциясының бастамалары халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалуына күш салу керек ? Хосе де Венесиа
АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Азиялық саяси партиялардың халықаралық конференциясының бастамалары халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалуына күш салу керек.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановпен кездесуі барысында Азиялық саяси партиялардың халықаралық конференциясы Тұрақты комитетінің тең төрағасы, Филиппин Республикасы Конгресінің экс-спикері Хосе де Венесиа осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«18 мемлекеттегі 240 саяси партиялардың өкілдері құрамына кіретін Азиялық саяси партиялардың халықаралық конференциясы жиынын Астана қаласында өткізудің маңызы зор. Өйткені Азия мен Еуропа қиылысында орналасқан Қазақстанға Солтүстік Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия, Орталық Азиядан келген өкілдер бас қосып, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін талқылайтын болады. Бұл тұрғыда Қазақстанды «Еуропа мен Азияның жүрегі» деп атаған да орынды», деді Х. Венесиа.
Сонымен бірге, Азиядағы саяси партиялардың халықаралық конференциясы бастамаларына тоқталған мейман, бұндағы басты бағдар кедейшілікпен күрес, теңдік пен тұрақтылық мәселесімен ұштасатынын атап өтті. «Біздің дінаралық түсіністік жөніндегі бастамаларымыз БҰҰ тарапынан да мақұлданды. Сонымен қатар, Азия мемлекеттерінің Үкіметтері саяси партияларды Азия, Тынық мұхит жағалауы елдерінің саяси сыбайлас жемқорлықпен күресін қаржыландыруды ынталандыра түсуі керек деп ойлаймыз. Қазақстан басшылары мен Қазақстан Парламенті Азиялық саяси партиялардың халықаралық конференциясы тарапынан жасалған бастамаларды жұмылдырып, ондай шаралардың халықаралық қауымдастықта мақұлдануына күш салады деп ойлаймыз», деді Хосе де Венесиа.