Азияның әлемдегі рөлі арта түседі - Қайрат Әбдірахманов
«Өздеріңіз білетіндей, қазіргі заманғы Азия әлемнің саяси әрі экономикалық орталықтарының біріне айналуда. Оның жаһандық рөлі жақын келешекте тек өсе беретін болады. Бұл ретте Азиялық ірі және шағын елдермен достық қарым-қатынастар мен өзара тиімді экономикалық байланыстарды дамыту - біздің ұлттық мүдделерімізге сай келеді», -деп тоқталды министр ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан Шығыс Азиялық бағытта прагматикалық әрі белесенді саясат жүргізеді. Бірінші кезекте, Қазақстан Қытаймен жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытуға үлкен мән береді.
«Біз сындарлы ынтымақтастық қарқынын оң бағалаймыз. Арамызда сенім мен тату көршіліктің жоғары деңгейі сақталуда. Бүгінде Қытайдың геосаяси ықпалы өсіп келе жатқан, қуатты экономикалық әлеуетті, ауқымды қаржылық және технологиялық мүмкіндіктері бар ел. Бейжің 10 жыл мерзім ішінде 14 млрд доллардан астам инвестиция салған Қазақстандағы негізгі шетелдік инвесторлардың арасында тұр. Біздің елдеріміз жоғары деңгейдегі қарқынды диалогты сақтап отыр», - деп тоқталды Қ. Әбдірахманов.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы Жапониямен арадағы байланыстарға тоқталды.
«Жапониямен көпжақты стратегиялық әріптестікті тереңдетуге ниеттіміз. Астана мен Токио ядролық қаруды таратпау саласында жақын одақтастар. Қазақстан Президенті 2016 жылғы қарашада Жапонияға ресми сапары барысында стратегиялық әрептестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады. Көлік, мұнай-химиясы, қаржы және атом энергетикасы салаларындағы шамамен 1,2 млрд доллар көлеміндегі 13 екіжақты коммерциялық құжатқа қол қойылды», - деп еске салды ол.
Ал Оңтүстік Корея өнеркәсіпті дамыту және ұлттық экономиканы әртараптандыру бойынша негізгі әріптестердің бірі. 10 жыл ішінде Оңтүстік Кореяның Қазақстан экономикасына инвестициясы 4,6 млрд долларды құрады.
Мұнымен қоса министр Моңғолияда қазақ диаспорасының болуына байланысты бұл ел Қазақстанның сыртқы саясатында маңызды орын алатынын қадап айтты.
Сонымен қатар Қ. Әбдірахманов Азия аумағындағы өзге елдермен байланыстардың басымдықты бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталды.
«Таяуда Азияның әлемдегі рөлі арта түсетіні анық. Азия 4 миллиардтан астам халқымен қуатты дамып келе жатқан аймақ. Осы орайда, оның жаһандық экономикадағы үлесі 34 пайызды қамтып отыр. Бүгінде өңірдегі жеті мемлекет планетадағы ірі экономикалардың жиырмалығына енді», - деді ол.