Азық-түлік бағаларына ымыраласу, үстемдік жағдайды теріс пайдалану, жөнсіз бәсекелестік фактілері бойынша 48 әкімшілік іс қозғалды

АСТАНА. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат - Азық-түлік бағалары бойынша ымыраласу, үстемдік жағдайды теріс пайдалану, жөнсіз бәсекелестік фактілері бойынша 48 әкімшілік іс қозғалды,

деп хабарлады ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің баспасөз қызметінен.

«Агенттік азық-түлік тауарларының жекелеген түрлеріне бағаның өсуіне байланысты, сондай-ақ 2011 жылдан бастап жүргізілген тексерулер аясында әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына бағаны ұстап тұру үшін 80 нарық субъектісінің қызметін талдады. Нәтижесінде бағалық ымыраласу, үстем жағдайды теріс пайдалану және жөнсіз бәсекелестік фактілері бойынша 48 әкімшілік іс қозғалды», - делінген баспасөз ақпаратында.

Ведомствоның атап өтуінше, ағымдағы жылы жанармай өткізу нарығында бағаның өсуіне байланысты Агенттік көтерме және бөлшек саудада өткізетін 100-ден астам нарық субъектілеріне қатысты монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтарына тексеру рәсімдері тағайындалған. Оған қаржы полициясы органдарының қызметкерлері де тартылған.Тексеру көптеген нарық субъектілері тарапынан бағаны көтеру және жанармай өткізу көлемін шектеу үшін экономикалық негізгі себептердің жоқ екендігін көрсетті. Монополияға қарсы заңнаманы бұзудың барлық анықталған фактілері бойынша кінәлі тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылады.