Бұл туралы ведомство басшысы Ғабидолла Әбдірахымов ҚР Президентінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасын талқылауға арналған селекторлық мәжілісте мәлім етті.
Осы мақсатта агенттіктің аумақтық бөлімшелеріне азық-түлік тауарлары нарығындағы жағдайға тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды.
Баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сүйенсек, селекторлық мәжіліс барысында Агенттік төрағасы Ғ. Әбдірахымов Мемлекет басшысы көтерген әлеуметтік жаңғыртудың негізгі мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды және агенттік ұжымының алдында нақты міндеттер белгіледі.
«Осыған байланысты, агенттік төрағасы 2012 жылдың аяғына дейін барлық салаларда тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде агенттіктің Жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырды, сондай-ақ монополияға қарсы заңнаманы бұзу, оның ішінде тұтынушылардың құқықтарын сақтамау фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды», - делінген хабарламада.