Азық-түлік бағасы: Алматыда «делдалдық схемаларды» тексеретін комиссия құрылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Ерболат Досаевтың төрағалығымен мемлекеттік органдар мен азық-түлік сауда нысандарының өкілдері қатысқан жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта аудандық әкімдіктермен бірлесіп сауда желілерінің, базарлар мен үй маңындағы дүкендердің сөрелеріндегі бағаларға күнделікті мониторинг жүргізілуде.

«Соңғы аптада көкөніс өнімдеріне бағаның шамалы ауытқуынан басқа, бағаның күрт өсуі байқалмады. Бұл өнімді сақтау шығындарымен байланысты. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін отандық тауар өндірушілермен жұмыс жүргізілуде. Тиімді тетіктердің бірі «жеңілдетілген» заемдар беру бағдарламасы болып табылады. Оның аясында өндірушілер мен сауда желілеріне бағаны ұзақ мерзімге белгілеу үшін пайызсыз «айналымды» қарыздар беріледі. Бүгінде осы бағдарлама аясында жұмыртқа өндіретін ірі «Алсад Қазақстан» ЖШС-мен (нарық үлесінің 30% алады) келісім жасалды. 2024 жылғы 31 қаңтарға дейін өткізу бағалары бойынша 10 дана жұмыртқаның бағасы 400 теңге деңгейінде тіркелді. Келісімнің қолданысқа енуімен жұмыртқа бағасын тұрақтандыру бойынша оң нәтиже байқалды. Яғни, 10 дана жұмыртқаның бағасы 487-ден 462 теңгеге дейін төмендеді», - деп мәлім етті басқармада.

Жеңілдетілген заемдар ағымдағы жылдың сәуір айының соңына дейін бағаны тұрақтандыру үшін «Магнум» (әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 19 түрлі атауына 5,7 млрд теңге) және «Тоймарт» (ӘМАТ 12 атауына 430,2 млн теңге) сауда желілеріне берілді.

Өнімді алдын ала сатып алу есебінен «Магнум» желісіндегі бөлшек сауда бағасы орташа қалалық бағадан 10-15% төмен. Мысалы, «Магнумда» қанттың бір келісі 265 теңге, ал орташа нарықтық баға келісіне 360 теңгеге дейін жетеді. Егін жинау маусымында фермерлерден көкөністерді төмен бағамен сатып алу есебінен маусымаралық кезеңде (2021 жылғы қыркүйектен 2022 жылғы сәуірге дейін) сөредегі баға нарықтық бағадан 30% дейін төмен деңгейде тіркелді.

Отырыс жұмысын қорытындылаған Алматы әкімі Ерболат Досаев басқа сауда желілерінің өкілдерін жеңілдетілген «айналым» қарыздарын берудің қалалық бағдарламасына белсенді қатысуға шақырды. Сондай-ақ, ірі нарық өкілдерін бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеу туралы ескертті.

Бұдан бөлек, «делдалдық схемаларды» тексеру жөнінде комиссия құру туралы шешім қабылданды.

«Комиссия аясында азық-түлік тауарларын өндірушілер мен жеткізушілерге сараптама жүргізу, қайта сатып алушылар тізбегін анықтау және тыю, әлеуметтік маңызды азық-түліктердің бағаларына мониторингті күшейту, сауда үстемесінің 15% асуы анықталған жағдайда, тиісті шаралар қабылдау қажет», - деді Ерболат Досаев.

Қала басшысының айтуынша, Алматы облысындағы әріптестермен бірлесе отырып, «Алтын Орда» ірі базарында «делдалдық сызбаларды» анықтау бойынша Өңіраралық комиссия құрылады. Ол жерден мегаполиске 80% дейін көкөніс, жеміс-жидек пен ет жеткізілетін болады.