«Азық-түлік бағасы неге өседі?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 29 қараша, жұма күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Тәуелсіздіктің елең-алаң тұсында Қазақ елінің іргесін бекітіп, болашағын айқындау кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осының бәрін күні ертең білікті кадр атқаратындығын көрегендікпен болжап «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындаған еді. Содан бері де 20 жыл уақыт өте шығыпты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газеті ҚР БҒМ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның президенті Ғани Нығыметовті әңгімеге тартқан. «Асулардың бастауы» деген тақырыппен берілген сұхбат барысында ол тілшінің барлық сауалына тұщымды жауап бере келе: «Соңғы деректерге назар аударсақ, түлектердің 15,3 пайызы мемлекеттік органдар мен ұйымдарда, 19,5 пайызы Ұлттық компанияларда, 61,9 пайызы қазақстандық компанияларда, 3,3 пайызы халықаралық ұйымдарда, 900 түлек, яғни 15 пайыз азаматтар өңірлерде қызмет етуде. Иә, 124 түлек әлі қызметке тұра қоймаған. Мұны біз басты назарда ұстап, жұмыс орындарын іздестіру үстіндеміз», - дейді.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі миссиясының басшысы Ян Кубишпен кездесу өткізді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, кездесу барысында Қазақстан мен БҰҰ ынтымақтастығының негізгі бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тетіктері, сондай-ақ Ауғанстан экономикасын қалпына келтіру мәселесі қаралды. Мемлекет басшысы елдің дамуына, соның ішінде ауған студенттерін оқытуға бағытталған түрлі жобаларды іске асыру арқылы Ауғанстанға Қазақстанның көмек көрсетуді жалғастыруға дайын екенін атап өтті. Я.Кубиш Нұрсұлтан Назарбаевты келесі жылғы сәуірде өтуге тиіс президенттік сайлауға Ауғанстанның дайындығы барысы туралы хабардар етті, сондай-ақ БҰҰ-ның елдегі ахуалды тұрақтандыру бағытында күш-жігер жұмсап отырғаны туралы да айтты.


***

«Азық-түлік қымбаттауда. Соған қарамастан, билік басындағылардың айтуы бойынша, инфляция белгіленген дәлізден шыққан жоқ. Мұны қалай түсінуге болады? Өткен жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ тұрғындардың жан басына шаққанда 12 мың доллардан айналып, Польша, Венгрия, Бразилия, Түркия, және Малайзия секілді елдердегі тұрғындардың ахуалымен теңескен көрінеді. Аталған елдердегі жағдайдың қандай екендігін білмейміз, ал өз еліміздегі әр тұрғын үшін ІЖӨ-нің 12 мың доллардан айналғанын сезіндік деп айта алмайтынымыз шын енді», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымға еліміздегі инфляциялық үдерістерге қатысты өз пікірін білдірген қаржыгер Ілияс Исаев инфляция тоқтап қалған жоқ, ай сайын бірте-бірте өсуде екендігін, теңгенің де бірте-бірте құнсызданып бара жатқандығын баса айтқан. «Себебі, біздегі азық-түлік пен киім-кешектің басым бөлігі импорт. Шетелден импортпен бірге оның құны да өсіп келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер еліміздің нарығындағы азық-түлік 80 пайызды құрады деген ақпарат бергенін естіп, таңғалдым. Қайдағы 80 пайыз, мүмкін импортпен шатастырып алған болар деп ойладым. Егер біз нарықты азық-түлікпен 80 пайызға қамти алатын болсақ, инфляцияны да ауыздықтай алар едік», - деді ол. Мақала «Азық-түлік бағасы неге өседі?» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымның жазуынша, Қазақстан Республикасы Үкіметі денсаулық сақтау саласын реформалау үшін Дүниежүзілік Банк қаражатын тарту туралы шешім қабылдады. Газет деректеріне қарағанда, аталған жоба аясында биылғы жылы Қазақстан Респуб­ликасы Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы» РМК-мен бірлесе отырып қайта тіркеу жөніндегі 44 үйретушіні дайындап шығарды, олар өз кезегінде аккредиттеу жөніндегі 156 инспекторды және медицина ұйымдары өкілдері қатарындағы 688 сапа үйлес­тірушілерін оқытып шығарды. Сонымен қатар таяуда медицина ұйымдарының аккре­дит­теу стандарттарына сәйкестілігіне сырт­қы кешенді бағалауды жүргізу нәти­же­сінде Қазақстан Республикасы Ден­­саулық сақтау министрлігінің аккредиттеу (қайта тіркеу) комис­сиясының отырысы өткізілді. «Нәтижесінде 154 медицина ұйымы ішінде 4 жылға 2 медицина ұйымы аккредиттелді - Қарағанды қаласының «№3 қалалық емхана» МҚК және Қостанай қаласының «№4 қалалық емханасы» МҚК. 125 медицина ұйымы 2 жыл мерзімге аккредиттелді, ал 27 ұйым аккредиттеуден өтпей қалды», - делінген «Тіркеуден өтпей қалған медмекемелер бар» деген тақырыптағы мақалада.