Азық-түлік импортына тәуелділікті жою үшін 900 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Азық-түлік тауарлары импортына тәуелділікті жою үшін 900 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы Халықтың табысын арттыру бағдарламасын таныстырған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Импортталатын азық-түлік тауарларын 100 пайыз отандық өніммен алмастыруды негізгі мақсат тұтып отырмыз. Бүгінде 80 пайыз азық-түлікпен өзімізді өзімі қамтып отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, 20 пайызын сырттан әкелуге мәжбүрміз. Болашақта, 2025 жылға дейін тауардың 6 түрін толықтай жабуға мүмкіндігіміз болады», - деді Үкімет басшысының орынбасары Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, тек қантпен ішкі нарықты қамтамасыз ету 80 пайыз деңгейінде қалады.

«Ал басқа елдерге тәуелді болып отырған азық-түлік тауарларын аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысында 100 пайыз қамтамасыз етеміз. Азық-түлік тауарлары импортына тәуелділікті жою үшін 900 инвесициялық жоба жүзеге асырылады», - деді Ералы Тоғжанов.