Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Көшербаев мәлім етті.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметіне қарағанда, 28 сәуірде Астанада азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығын дамыту бойынша Ислам ынтымақтастық ұйымы министрлері конференциясының жетінші сессиясы өтеді. Конференция аясында Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Бас Ассамблеясының құрылтайшы сессиясы өтеді. Құрылғалы отырған ұйым кеңсесі Астана қаласында орналаспақ. Бастапқы үш жылда ұйымды Қазақстан басқарады деп күтілуде.
«Жетінші сессияда біріншіден ұйымның құрылымы қаралады. Осы ретте хатшылықта жұмыс істейтін адамдардың тізбесі талқыланады»,-деп атап өтті Е. Көшербаев.
Бұл бірінші кезекте экономикалық ұйым екеніне тоқталған ол, осы бағытта ұйымның атқаратын негізгі қызметтері сәуірдің аяғында белгілі болатынын сөз етті.
Оның сөзіне қарағанда, сессияда қаржылық рәсімдердің тәртібі, сондай-ақ бес жылға арналған ұйым бюджеті бекітілмек.
Вице-министр ұйымның құрылуы Қазақстанға экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретінін айта келе, «еліміз астық экспорттайтынын білесіздер. Жалпы, АҚИҰ-ны құру арқылы астық экспортын жыл сайын 1 млн. тоннаға арттыруға жол ашылады деп ойлаймыз»,-деді.
АҚИҰ жұмысы ұйымға мүше елдерде ауыл шаруашылығын, ауылдық жерлерді, азық-түлік қауіпсіздігін және биотехникалық тиімді дамыту бағытында түрлі аспектіде озық тәжірибелерді енгізіп, сондай-ақ орман алқаптарының азаюы мен шөлейттену мәселелерін шешуге негізделмек. Сонымен қатар, мүше мемлекеттерге қажетті жедел көмекті анықтау мен ұсыну мақсатында салада бағалау және мониторинг жүргізу жоспарланып отыр. Бұл тұрғыда азық-түлік қауіпсіздігінің қоры ескерілуде.
Айта кетейік, бұл ұйымды құру бастамасын 2011 жылы ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев көтерген болатын. Екі жылдан кейін ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сарапшылары Астанада өткен үкіметаралық сарапшылық отырыста жарғылық құжаттың жобасын келісті. Бүгінде құрылғалы отырған ұйымның жарғысын ИЫҰ құрамындағы 24 мемлекет бекітіп, қол қойды.