Бұл туралы бүгін Астанада базарлардың бірін аралап көрген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аман мәлім етті.
«Базарлардағы етті бірнеше ветеринарлық қызмет бірнеше саты тексерістерден өткізіп жатады. Бұл қауіпсіздік үшін қажет, алайда ол жауапкершілікті қамтамасыз ете алмайды және кәсіпкерлерге үлкен жүк түсіреді. Сондықтан олардың санын қысқартып, базар басшылығының жауапкершілігін арттыру жоспарлануда. Бұл бірқатар нормативтік өзгертулер мен толықтыруларды енгізуді талап етеді», - деді ол.
Оның айтуынша, аталмыш өзгерістер әлемде бар тәжірибелерге сүйеніп жасалмақ.
Ведомство хатшысының атап өткеніндей, кейбір жергілікті жерлерде ветеринарлық қызмет атымен жоқ. Министрліктің ендігі мақсаты барлық ауылдық округтерді білікті ветеринарлық дәрігерлермен қамтамасыз ету болып отыр.
«Жүйе белгілі бір деңгейде жұмыс істеп жатыр. Алайда оны жетілдіру керек және тиімділігін арттырып, халық үшін қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет», - деп атап өтті Е. Аман.
Жауапты хатшының мәліметі бойынша, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын 10 миллионнан астам мемлекеттік қызмет түрлерін көрсететін көрінеді.
«Сондықтан жемқорлықтың өрістеуіне кең алаң берілген. Соған байланысты аталмыш қызметтерді регламенттеу, стандартизациялау, оларды электронды форматқа ауыстыру, рұқсат беру процедураларын қысқарту бойынша кешенді әрі жүйелі шаралар қабылдануда», - деп түйіндеді сөзін Е. Аман.