Суарудың жаңа технологиясын қазақстандық диқандар да тәжірибелеріне жетістікті енгізуде. Мәселен, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» 2008 жылдан бері Оңтүстік Қазақстан облысы Ақдала ауылында жеміс-көкөністі өнімдерді өндіру бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Жоба аясында тамшылап суару жүйесін қолдана отырып, Арыс алқабындағы пайдаланылмайтын 2,7 мың гектар жерді кезең-кезеңімен игеру жүргізілуде.
«Суарудың дәстүрлі жүйелері көп жағдайда кері салдарға алып келеді. Ылғал көптеп жоғалады, жер батпақтанады, соңында, оның құнарлығы кетеді. Тамшылап суаруда мұндай проблемалар болмайды. Суды үнемдеу жүйесінің арқасында егін мол шығады және су, тыңайтқыштар, электр энергиясы, адам еңбегі мен қаражат шығынын айтарлықтай қысқарта отырып анағұрлым сапалы өнім алуға болады. Ақдала кәсіпорнында тамшылап суарудың артықшылығы алғашқы жылы-ақ байқалды. Қызанақтардың өнімі үш есеге артты - гектарына 65-70 тоннаға дейін. Суару стандартты сызбамен жүргізілгенде гектарына небәрі 20-25 мың тонна өнім алынатын», - делінген «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының» баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Алғашқы жетістікті тәжірибе кәсіпорын қуатын арттырып қана қоймай, жаңа шаруашылықтарды ашуға негіз салды. Мәселен, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» Алматы облысында тамышлап суару технологиясымен көкөністерді ғана емес, алма бақтарын да өсіре бастады. Корпорация ағымдағы жылы осы аймақта жалпы сыйымдылығы 13 мың тонна болатын көкөніс сақтау қоймасын іске қосты.