Азық-түлік келісім шарт корпорациясы ұн тартушы ұйымдарға 300 мың тоннадан астам астық жеткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы нан мен ұн бағасын тұрақтандыру мақсатында ұн тартатын ұйымдарға астықты жөнелтуін жалғастыруда. Мәселен, осы мақсатта мемлекеттік ресурстардан тоннасы 28 мың 300 теңгеге бекітілген 175 мың тонна арзандатылған астық жеткізілсе, компанияның коммерциялық ресурстарынан 128 мың тонна астық жөнетілді, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметінен.

«Азық-түлік келісім шарт корпорациясының коммерциялық ресурстарындағы астық бағасын 2014 жылғы 16 мамырда Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия тоннасына 42 000 теңге мөлшерінде белгілеген болатын. Бұл ретте 28 300 теңге мен 42 000 теңге арасындағы айырманы ұн тартатын ұйымдарға республикалық бюджеттен өтеу қарастырылып отыр», - делінген баспасөз баянында.

Еске сала кетсек, мемлекеттік комиссияның шешімімен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс әкімдіктері және Азық-түлік келісім шарт корпорациясы арасында өңірлерде 1 сұрыпты ұннан жасалған қалыпты нанға, 1 сұрыпты ұнға бағаны тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы меморандумдарға қол қойылған болатын. Осы мақсатта Азық-түлік келісім шарт корпорациясы 518 000 тонна астықты кейінге сақтап отыр. Оның 182 000 тоннасы мемлекеттік ресурстардан болса, 336 000 тонна коммерциялық ресурстарынан.