«Азық-түлік корпорациясы» астықты сатып алу бағасын өзгертпейді - Е. Аман

АСТАНА. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Азық-түлік келісімшарт копорациясы» АҚ астықты сатып алу бағасын көтермейді. Яғни, баға өзгеріссіз қалады. Бұл туралы бүгін «Bnews» ақпараттық порталында өткен Onlin конференция барысында ауыл шаруашылығы министрлігінің Жауапты хатшысы Евгений Аман мәлім етті.

Конференция барысында еліміздегі астық түсіміне тоқталған Жауапты хатшы, егіс алқаптарының 95 пайызындағы жинау науқанының көрсеткіші 12,5 млн. тоннаны құрағанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі күні еліміздің тек шығысында ғана азғантай егіс алаңында астық жиналмаған. Бұдан бөлек, Қызылорда облысында күріштің мол түсімі күтіледі. «Жалпы, Қазақстандағы астық жиыны 13,5-14,5 млн. тоннаны құрайтыны болжанады. Сонымен қатар, астық түсімі біздің алдымызда тұрған басты міндеттерді шешуге септігін тигізері анық. Ал астықты сатып алуға қатысты бағаны арттыру мәселесіне келетін болсақ, мен бұлай болмайды деп ойлаймын. Корпорация бүгінгі күні 44 мың тонна астық сатып алды», деді Е. Аман.