Азық-түлік корпорациясымен 2 млн. тонна астық сатып алу келісім-шарттары жасалып, 900 мың тонна астық сатып алынды

ТАНА. 10 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Азық-түлік корпорациясымен 2 млн. тонна астық сатып алу келісім-шарттары жасалды.

Қазіргі таңда 900 мың тонна астық сатып алынды. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Астық саласы: жағдайы мен перспективалары» атты тақырыпта өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, биылғыдай астықтың мол жылында сұраныс пен ұсыныс теңсіздігі бидайдың нарықтағы құнын түсіріп жіберуі ықтимал. Бұл бұған дейінгі тәжірибеде орын алғаны белгілі. Ал қазіргі жағдайға келетін болсақ, жыл басында бидайдың тоннасы 45-50 мың теңгені құраса, қазіргі баға 22-23 мың теңгені құрап отыр. «Сол себептен Азық-түлік корпорациясы әр тоннасын 25 мың теңгеден 5 млн. тонна бидай сатып алатын болады. Бұл шара нарықтан артық астықты алуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қарыздарын өтеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бірінші кезекте астық шағын және орта шаруашылықтардан сатып алынатын болады», - дейді А. Мамытбеков.

Министрдің сөзіне қарағанда, қазанның 10-ындағы мәлімет бойынша 2 млн. тонна астық сатып алуға келісім-шарттар жасалған. «Бүгінгі күні 900 мың тонна бидай сатып алынды», - дейді министр.